Германия Президенті әлемдегі шамадан тыс қарулану қаупі туралы айтты

None
None
МЮНХЕН. ҚазАқпарат - Мюнхен қауіпсіздік конференциясында ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер шамадан тыс қарулану қаупі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуропаның қауіпсіздігіне Германия көбірек үлес қосуы тиіс, яғни НАТО аясында. Әсіресе, қаржылық тұрғыда қолдауды күшейткені жөн. Альянс ортақ мақсат туралы уағдаласты. Менің ойымша, осы бағыттағы қадамдар өте дұрыс әрі маңызды. Дегенмен Еуропада елдер, оның ішінде Германия қорғанысқа көбірек қаржы жұмсағанымен, біз халықаралық тәртіптегі эрозияны тоқтата алмаймыз», - деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Оның пайымынша, дипломатиялық қатынастардың, қауіпсіздік архитектурасының, қарулануды шектеу туралы шарттардың күшін жоғалту қауіпті.

«Егер біз адам құқықтарына, халықаралық құқыққа сыйластықпен қарау жолын қайта таппасақ, әлемдегі тәртіпті қалпына келтіре алмасақ, сондай-ақ бөлек мемлекеттің қауіпсіздігін өзіміздің жеке қауіпсіздігіміз ретінде қабылдай алмасақ және осы маңызды мақсаттарға негізделмесек, онда бірнеше жылдан кейін шамадан тыс деңгейде қаруланамыз. Сондықтан бұл мақсаттар баршамызға қатысты болып отыр», - деді ГФР Президенті.

«Әскери компонент біз үшін қажет, алайда бұл маңызды жалғыз тетік емес. Осы орайда дипломатиялық әрі саяси тетіктер жайында ұмытпауымыз керек», - деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер әлем көшбасшыларын БҰҰ-ның беделін нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

«Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, бірнеше ескертуді атап өткім келеді. Біз баршамыз БҰҰ беделін нығайтуға белсенді үлес қосуымыз керек. Оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін де назарда ұстауымыз керек», - деді В. Ишингер.


Фото: Deutsche Presse-Agentur


Соңғы жаңалықтар