Германия полициясы мемлекеттік төңкеріске дайындық жасаған 25 күдіктіні ұстады

None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Германия полициясы билікті күшпен құлатуға дайындық жүргізген «ішкі террористік ұйымның» 25 күдікті мүшесі мен жақтастарын тұтқындады.

Әділет министрі Марко Бушман бұл ұйым ГФР заңдылығын мойындамайтын «Reichsbürger» идеологиясының бөлігі екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні таңертең жүргізілген тінту жұмыстары барысында осы лаңкестік ұйымның мүшелері мен жақтастары деп танылған 25 күдікті ұсталды.

Бушман тергеудің күдікті «Reichsbürger» қозғалысымен байланысы бар лаңкестік ұйымға қарсы бағытталғанын айтты.

Оның айтуынша, тінту Германияның мемлекеттік мекемелеріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлады деген күдікке ілінген адамдарға қатысты жүргізілген.

«Бүгін таңертеңнен бері лаңкестікке қарсы ірі операция жүріп жатыр. Федералды Бас прокурор күдікті лаңкестік ұйымды тергеп жатыр. Конституциялық органдарға қарулы шабуыл жасау жоспарланған деген күдік бар», - деп жазды Бушман.

Іздеу операциясы Германияның он бір федералды аймағындағы 52 күдіктіге тиесілі 130 мүлікті қамтыды, деп хабарланды.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, қамауға алынған күдіктілер «2021 жылдың қараша айының соңына қарай құрылған террористік ұйымға жатады. Ол Германияның қолданыстағы мемлекеттік тәртібін құлатуды және оны өздері құрған мемлекеттік формасымен алмастыруды мақсат еткен».

«Reichsbürger» қозғалысы Бранденбург, Мекленбург-Померания және Бавария елдеріндегі бірқатар шағын ұйымдар мен жеке тұлғалардан тұрады. Олар Германия Федеративтік Республикасының да, оның кез-келген мемлекеттік органдарының да заңдылығын мойындамайды.


Фото: Paul Zinken/dpa
Соңғы жаңалықтар