Германия павильонында үйлер мен балдырлардан энергия алынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрге айналған ЭКСПО көрмелері 166 жылдан бері өтіп келеді, ғалымдардың көрмеге шығарылған бірқатар туындылары бүгінде тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Мәселен, 1855 жылы Париж көрмесіне қойылған кофе қайнатқыш машина, 1929 жылдың жаңалығы болған эскалатор, 1939 жылы шыққан теледидар мен түрлі түсті суреттер, электр шамдары, сенсорлы экрандар, телефон мен радио -бүкіләлемдік ЭКСПО көрмелерінде жаңалық ретінде таныстырылған.

Бүгін Астанада «EXPO-2017» медиа-орталығында өткен Германия павильонының таныстырылымында да екі және төрт дөңгелекті заманауи электр көліктері, өзі тұтынатын энергиядан да көбірек қуат өндіре алатын ақылды үйлер мен энергия алуға болатын балдырлы қасбеттік панельдер секілді бірнеше жаңа жобалар көрсетілді. «Болашақ энергиясы» атты мамандандырылған көрмеде Германия павильоны табиғат күштері ұсынған мүмкіндікке және осы табиғат күштерін қалай пайдалану қажеттігіне ерекше тоқталады. Энергияны өндіру, сақтау және таратудың «ақылды» тәсілдері мен инновациялық технологиялары «Дұрыс энергия» ұранымен ұсынады.

null 

Германия павильонында электромобильдерге айрықша назар аударылған. Себебі, жаңғыртылатын көздердің энергиясынан қуат алатын электр көліктерімен жүру мүмкіндігі - климатқа залал тигізбейтін жаңа көлік түрін жасап шығаруға септігін тигізді. Мұнда лимузин, «Е формуласы» жарыс автокөлігі, электр қозғалтқышы бар екі дөңгелекті көлік құралдары және заманауи қуаттау жүйелері таныстырылады.

null 

Сондай-ақ, көрмеде Германия павильоны өздері тұтынатын энергиядан да көбірек энергия өндіретін үйлерді ұсынады. Жаңа германиялық «Efficiency House Plus» (Тиімді үй плюс) энергия стандарты сырттан қарағанда аударылған абстракциялы үй болып көрінеді, бұл құрылыс саласындағы парадигманың өзгеруін білдіреді. Ал оның ішінен, қонақтар жаңа «Efficiency House Plus» стандартына сәйкес ғимараттың қалай жұмыс істейтінін көре алады. Фотогальваникалық қондырғы мен қоршау және жабу құрылымдары энергиялық тиімділікпен қамтамасыз етеді, сәйкесінше  адамзат тарихында алғаш рет тұрғын үйлер өзі тұтынатын мөлшерден де көп қуат өндіреді. Павильондағы Германияның үлкен картасында энергия тиімділігі стандартының  жаңа талаптарына сай келетін 35 көрнекі жоба көрсетілген.

null 

Павильондағы тағы бір ерекше экспонат - энергия тұтынуды азайтатын «ақылды үй». SmartHome экспонаты жабық жерге орналасады, келушілер ішке есік арқылы кіреді. Үй іші әдеттегідей терезе, кір жуғыш машинасы, тоңазытқыш, кофе қайнатқыш құрылғысы бар ас үй және электрлі ойын-сауық жүйелері бар қонақ бөлмесі түрінде графикалық коллажбен безендірілген.  Электронды құрал көмегімен келушілер жеке объектілерді іске қосып, SmartHome жүйелерінің жылуды, жарықты, пердешелердің қозғалуын және т.б. қалай басқаратынын көруге болады.

null 

Павильонның бір бұрышы балдыр биореакторының үлгісіне арналады. Мұнда павильон қонақтары балдыр толы қасбеттер туралы толығырақ біле алады. Мәселен, Гамбург қаласындағы тұрғын үйлерге балдыр салынған қасбеттік панельдер орнатылған, павильонда балдырды ағынды сулармен қамтамасыз етуден және оның фотосинтез арқылы өсуінен бастап күн энергиясын пайдалануға және балдыр көбігін жинауға дейін түсіндіріледі. Бұл  жоғары сапалы биомассаны тамақ және косметика өндіруде және тағы да басқа салаларда пайдалануға болады.

null 

Сонымен қатар, германиялық павильонда пластик өндірісін түбегейлі өзгертіп жіберетін әлі де дамытылу үстіндегі болашақ технологиясы ұсынылады. Атап айтқанда, мұнай мен табиғи газды пайдаланбай-ақ, су және көмірқышқыл газынан пластик жасауға болатын Power-to-X әдісі көрсетіледі. Машина үлгісіндегі экспонат инновациялық технологияның негіздерін қысқаша түсіндіреді және виртуалды кеңістікте келушілерге бір түймешені басу арқылы ергежейлі немесе футбол аяқ киімі сынды формаларды жасауына мүмкіндік береді.

null 

Айта кетейік, шетелдік ЭКСПО қатысушылары арасында ең ірі павильон Германияға тиесілі. Павильон аумағы 1700 шаршы метрді алып жатыр, онда көрме аймақтары, VIP-аймақтар, неміс халқының ұлттық тағамдары мен сусындарын ұсынатын мейрамханалар, Германия туралы кәдесыйлар мен базарлықтар сатылатын дүкендер және кеңселік (қызметтік) бөлмелер болады. Сонымен бірге, павильонда 80 адам жұмыс істейтін болады. Қызметкерлердің 75% қазақстандықтар болса, қалған 25% Германиядан келеді.

null null 

12 шілде күні ЭКСПО аумағында Германияның ұлтық күні аталып өтеді.

Соңғы жаңалықтар