Германия Қазақстанда Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада Германияның Сыртқы істер министрі Анналена Бербок Қазақстанда Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды ұсынды.

Бұл туралы бүгін елордада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 қазанда «Svevind» неміс-швед концернінің «HYRASIA ONE» еншілес компаниясы мен Қазақстан Үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Оның аясында Еуропа мен Азияның энергетикалық және шикізат қорларының өнеркәсіптік ауқымды қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді «жасыл» сутегі шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірін салу жоспарланып отыр», - деді М. Тілеуберді Германияның Федералдық Сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесуден кейін.

Бұл тұрғыда Германия жағы Қазақстанда Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды ұсынды.

«Осы орайда біз неміс тарапының Астанада Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу ұсынысын құптаймыз. Бербок ханым, бұл бастамаңыз үшін алғыс айтамыз және оны жан-жақты қолдауға дайынбыз», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Бұдан бұрын хабарданғандай, жақында Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельге Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылды.

Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар