Германия қазағы Садие Сурер: Мақсатымыз – көйлек-шапан киіп, өлең айту емес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы мамыр айында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы өткелі отыр. 26-28 күндері өтетін бұл жолғы жиынға 30-ға жуық қазақ ұйымының өкілдері қатыспақ. Осы орайда, осы жылғы құрылтайдың негізгі ұйымдастырушысы – Кёльндегі қазақ ұйымының Төрайымы Садие Сурермен сұхбат құрған едік.

- Садие ханым, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз? Шет жұрттағы Сіздің ата-тегіңіз, туған жеріңіз біздің оқырман үшін де қызық деп ойлаймын...

- Менің есімім – Садие Сурер, 1960 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында дүниеге келдім. Ата-бабам сонау Алтайдан жетпіс жыл бұрын Пәкістан арқылы Түркияға көшкен. Сөйтіп, Ыстанбұл қаласына орналасқан екен. Одан соң Нигде Ұлықышла деген ауылға көшіпті. «Алтай көй» (Алтай ауылы) деген жерде өстім. Кейін Ыстанбұлға келдім. 20 жасымда Германияның қазағына тұрмысқа шықтым. Отбасыммен Гейдельберг қаласында тұрдық. Бүгінгі таңда үш ұл, бір қыздың анасымын. Биыл зейнет жасына жеттім. Біз Кёльн қаласынан 200 шақырым жерде тұрамыз. Бірнеше жылдан бері сол қаладағы мәдени орталықтың мүшесі болып келдім. Қазір орталықтың төрайымы болып жұмыс атқарамын.

- Кёльн қаласындағы қазақ орталығының қызметі жайлы айтсаңыз?

- Бұл орталықтың іргетасы сонау 1982 жылы қаланған. Ол кезде үлкен ағаларымыз ауқымды істер атқарған. Орталық құрылғанда мен 21 жаста болған екем. Бүгінде осы игі істің басы-қасында жүрген ағаларымыздың алды қартайып, кейбірі өмірден өтіп кетті. Иман байлығын берсін. Сол кісілердің құрған орталығының арықарай жұмыс істеуіне барынша тырысып келеміз.

Белсенді жеті әйел бірігіп, 2018 жылдан бері орталықтың қайта жұмыс істеуіне кірістік. Жалпы, өзім неміс, түрік қоғамдарында жұмыс істеген. 30 жылдай неміс қоғамында қызмет еттім. Сондықтан да, өз жұртымыздың аманатын қолымыздан келгенше келер ұрпаққа қалдыруды жөн санап, орталықтың жұмысын жандандыруға барымызды салып отырмыз.

Қазақ халқының ұмытылып кеткен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қайта жаңғырту – басты мақсат. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге тілашар өткіздік. Енді жастар тілашарды қалай тойлауды білетін болады. Жалпы, атқарылып жатқан іс-шараларымыз жеткілікті. Зейнетке шыққан қарияларымызды сыйлықтармен марапаттап, өмірлік жарынан айрылған жесір әйелдерге, жалғызбасты аналарға қайырымдылық көрсетуді әдетке айналдырып келеміз.

- Наурыз мейрамын қалай тойладыңыздар? Бәлкім, біз біле бермейтін салт-дәстүрлеріңіз бар шығар?

- Наурыз мейрамы – қазақ халқының ең үлкен мерекесі. Өкінішке қарай, биыл Наурыз мерекесін ауқымды етіп тойлай алмадық. Алайда, отбасымызбен бір-бірімізді құттықтап, әр үйде наурыз көже дайындалды. Ұлттық киімдерімізді киіп, бір-бірімізбен құшақтасып көрістік. Ұлыстың ұлы күнін қалай тойланатынын жастарға көрсетуді келешекте әлі де қолға аламыз. Жалпы, бұған дейін Наурыз мейрамын тойлап келдік. Отыз жылдық тәуелсіздігі бар Қазақстанымызды, оның егемендік күнін ұлықтадық. Атажұртымыздың барына, жаңадан туған жас баладай тәй-тәй басып келе жатқан еліміздің барына қуандық. Ол да бізге бір бақыт. Бұрнағы жылдары Наурыз тойымызға Кёльн қаласында тұратын қазақтар, сонымен қатар Қазақстаннан оқуға келген студент жастар қатысты. Одан бөлек, Моңғолиядан, Алтай өңірінен келген қазақ жастары да қатысып, жоғары деңгейде атап өттік. Әлемді жайлаған індет келіп, Наурызды тойлаудан қалыс қалған едік. Биыл бір-бірімізбен көрісіп, атажұрттағыдай болмаса да, барынша қызықты етіп тойлауға тырыстық.

Індет демекші, коронавирус індеті тарағанда, дүниежүзі, оның ішінде Қазақстандағы жағдайды естіп, көмек қолын созуды жөн санадық. Жаңалықтардан көріп, естіп отырып, көмек көрсеткіміз келді. Әртүрлі аппараттар мен дәрі-дәрмектерді елге жіберуді ұйымдастырдық. Бір қазағымыздың өмірін сақтап қалсақ та деген ой болды. Қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жолдың ұзақтығына қарамай, тыныс алу аппараттарын жөнелттік. Ресейден сатып алып, елдегі ауруханаларға жеткіздік.

Одан бөлек, Түркияда пандемия кезінде оқу орындары жабылып, онлайнға көшкен жылы қазақ балаларына жиырмаға жуық планшет жібердік. Жұмыстың бәрі онлайнға көшкен кез еді ғой өзі. Оқитын балалар білімсіз қалмасын деген ниет болды. Қасиетті ораза айында 120 адамға ауызашар ұйымдастырып, жағдайы төмен отбасыларға да көмек қолын создық.

- Қазақ еліне сәлеміңіз бар ма?

- Әр қазақ – менің жалғызым! Осынау сөзді қатты ұстанатын жанмын. Қазағым аман болсын!

- Алдағы уақытта Еуропа қазақтарының құрылтайы келе жатыр, Сіз басқарып отырған орталықтың дайындығы қалай?

- Құрылтай демекші, бұл іс-шара басында тек футболдан турнир өткізу ретінде жоспарланған екен. Кейіннен адам көбейіп, кіші құрылтай деп өзгерттік. Мұндағы мақсат – Еуропадағы аз қазақтың басын қосу. Әдет-ғұрпымызды ұмытпайық, жастар үйренсін, білсін, бірі-бірімен таныссын деген ниет.

Жалпы, Еуропада түрлі жарыстар мен концерт залдарын жалға алып ұйымдастыру өте қиын. Сөзбен айту оңай болғанымен, іс жүзінде өте күрделілеу. Алайда, қиыншылығына қарамай, қаражаттың салмағына қарамай, осы істі жүзеге асырсақ дейміз. Өйткені, біз бала күнімізден ата-анамыздың айтуымен үйде қазақ тілінде сөйлесу, қазақи ғұрпымыздан жаңылмауды ұстанып өстік. Ал, қазіргі кезде қазақ тілі ұмыт болып барады. Себебі, Франциядағы қазақ баласы тек французша, Германиядағы қазағымыз тек немісше сөйлейді. Мұндағы жастардың 80 пайызы өз тілін ұмытып кетті деуге болады. Олардың қазақы ортасы жоқ. Сол үшін бір-бірін білсе, өз ана тілінде байланысса деген мақсат. Осы жастарымыз бізден үлгі алса деген ойымыз бар. Еуропада тарап жүрген қазақ сол жаққа сіңіп, жоғалып кетпей, қазақ екенін есте сақтап, біздің ісімізді жалғастырса екен. Біз қазір осы жастарымыздың басын қоссақ, арықарай өздері жалғастырады деп үміт артамын. Құрылтайды көбі кішігірім той сияқты ұйымдастыра салады, негізгі мақсатымыз – Еуропада қазақшылықты ұстап қалу.

Мамыр айының 26-28 күндері марафон ұйымдастырамыз, оған «Атамекеннен көшкеніне 70 жыл толуына байланысты» деген атау бердік. Ондағы мақсат – жастарымыз қайдан келгенін білсін дейміз. Сондай-ақ, белсенді жастар арасында дөңгелек үстел, конференция өткізуді жоспарладық. Одан бөлек, қатысушылардың көңілін көтеріп, мерекелік концерт ұйымдастырсақ, оған Қазақстандағы әнші, күйші, домбыра шертетін өнерпаздарымызды қатыстырып, Еуропадағы қазақ жастарымызға көрсетсек деген ой бар. Ондай концерттер тек Берлин қаласында өткізіліп жүрген. Біздің Кёльн қаласымен арасы 700 шақырым. Біздегі қариялар ондай алысқа бара алмайды. Сондықтан, осы Кёльн мәдени орталығының ұйымдастыруымен концерт өткізіп, атамекенін сағынған қарияларға ән мен күй сыйласақ деп отырмыз. Жалпы, құрылтайға Түркия мен Еуропа елдерінен 30-ға жуық ұйым мен 1500-ге жуық қазақ жиналады деген жоспар бар.

- Шетелдегі қандастармен жұмыс істейтін ҚР СІМ жанында «Отандастар» қоры бар. Осы қормен әріптестік байланыс қалай? Бірлескен жобалар бар ма?

- «Отандастар» қорымен тығыз байланыстамыз. Бұл байланыс көп жылдардан бері бар, бірақ былтырға дейінгі кезеңде көңілге қонатындай бір мәмілеге келе алмаған едік. Қордың басына Абзал Сапарбекұлы келгеннен бері жағдай өзгерді. Мүмкін Анкарада елшілік қызметін атқарғаннан ба екен, әйтеуір ол кісінің шетелдегі қазақ қандастарын қолдауы, жағдайды түсінуі қатты ұнады. Абзал мырзаның түрік тілін білетіндігінің пайдасы да бізге тиіп жатыр. Маған екі рет Астанаға бару бұйырған екен. Сонда қонақжайлығын да көрдім. Бұрындары бір домбыра мен ұлттық киім алу деген арман еді. Осы жолы алты домбыра мен бір шабадан ұлттық киім көтеріп қайттым. Мұндай дүниелерді жастарымызға көрсетіп, танытқымыз келеді. Әйтсе де, біздің басты мақсатымыз – көйлек-шапан киіп, ән салу емес, оның астарында терең мағына жатыр… Өйткені, бұл жастарымыз ертең Еуропадағы қазақтың дауысы болады. Солай болып қалуы да керек, біз соған сенеміз. Біз қазақылығымызды барынша сақтап қалғымыз келеді. Осы ойымды Абзал мырзаға айтып едім, бірден қолдады. Сондықтан, осы «Отандастар» қорының басшылығында осындай шетелдегі қандастарға өте жанашыр адам керек. Бұл – шеттегі біздер үшін үлкен мүмкіндік.

Ұмытпай тұрғанда айтайын, алдағы өтетін құрылтайға атажұртымыз Қазақстаннан қатысамын деуші ағайындар болса, асыға күтеміз.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет!



Соңғы жаңалықтар