Германия бизнесмендері Ресейдегі кәсіпорындарын Қазақстанға көшіруге ниетті
2022 жылғы 12 мамыр 16:20

Германия бизнесмендері Ресейдегі кәсіпорындарын Қазақстанға көшіруге ниетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Германия бизнесмендері Ресейдегі кәсіпорындарын Қазақстанға көшіруге ниетті. Бұл туралы Герман экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазірдің өзінде Ресейден Қазақстанға, Орталық Азияға бағдар жасап отырған компаниялар жайында естіп жатырмыз. Герман компанияларының Ресейден Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырғанын да білеміз. Кейбіреулердің Ресейде серіктестері болды және енді олар Қазақстанның мүмкіндіктерін қолданғылары, Қазақстан нарығында серіктес тапқылары келеді. Яғни, герман бизнесінің Қазақстан жайлы ойы өзгеріп жатыр және қазақстандық нарыққа назары арта түскен», - деді ол елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумында.

Осы ретте ол Қазақстанның әлеуеті зор екендігін, оны герман бизнесі де мойындайтындығын баса айтты.

«Таяу уақытта үлкен өзгерістер болатындығын көріп отырмыз. Мен герман бизнесін бізге қосылуға шақырамын. Көптеген компания қазірдің өзінде бізге жүгініп жатыр. Бұл Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып отырған барлық герман компаниясы үшін жақсы белгі», - деді Михаэль Хармс.


Jańalyqtar

MURAǴAT