Германия әуежайында коронавирустан персонал жетіспей, рейстер кешігіп жатыр

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Еңбек демалыстары кезеңінде Германияның ірі әуежайларында рейстер кешігіп, қызметкерлер жетіспей жатыр, ал тіркеу орындарында ұзын-сонар кезек қалыптасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Германияның Bild am Sonntag газетінің жазуынша, Франкфурт әуежайында жолаушыларға жүк жеткізу проблемасы туындап жатқаны байқалады. БАҚ мәліметінше, Франкфурт әуе айлағында күн сайын Lufthansa жолаушыларының 5 мыңнан астам чемоданы жеткізілмей қалады.

Осыған байланысты жүкті енді жүк таситын көліктермен Франкфурттан Мюнхенге тасып жатыр, сол жерден әрі қарай жеткізу нүктелеріне бөлінеді. Мұның басты себебі – әуе компанияларының тіркеу орындарында қызметкерлердің жетіспеуі.

Lufthansa өкілінің түсіндіруінше, жердегі персонал арасында ковид жұқтыру күрт артып, 30 процентке жеткен. Ал ұшу құрамы мен бортсеріктер арасында бұл дерек әлдеқайда төмен.

«Жүйе тұрақты жұмыс істеуі үшін қолымыздан келгенше бар күшімізді салдық», - деді әуежай өкілі Юрген Харрер.

Әуежай өкілдері жолаушылардан төлқұжат мерзімін тексеруді, кіру құжаттарының толтырылғанына көз жеткізуге кеңес береді. Электрониканы, сұйықтықты қол жүгімен алып жүру ережелерін сақтауға шақырады.

Еске салайық, электрондық шылым, оттық, қуаттағыш құрылғы багажда емес, қол жүгінде болуы керек. Жүкті алдын ала тапсырып, онлайн тіркелген дұрыс.

Lufthansa әуе компаниясы осы жылдың маусымынан тамыздың соңына дейін 5,8 мың рейсті тоқтатты. Олардың басым бөлігі Франкфурт пен Мюнхен әуежайлары арқылы ұшу керек еді.






Фото: www.bild.de


Соңғы жаңалықтар