Германия археологтары Жанкентті зерттеуге қызығушылық білдірді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Германияның Тюбинген мемлекеттік университетінің ғалымдары Сыр өңірінің ежелгі тарихына ерекше қызығушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы мақсатта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және Германияның Тюбинген мемлекеттік университетінің ғалымдары халықаралық жобаны қолға алды. Ғалымдар бұл бағытта «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Орта ғасырдағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» тақырыбында далалық семинар ұйымдастырды. Далалық семинардан кейін ғалымдар қорытынды отырыс өткізді.

Халықаралық жоба аясында далалық урбанизация, көшпелі мемлекеттер және Арал теңізінің шығыс аймағындағы шөлейттенуге зерттеу шаралары қарастырылған. Бұл бағытта Сырдария өзенінің төменгі бөлігіндегі қалалық өркениеттің қалыптасуы мен дамуын жан-жақты зерттеу ескерілетін болады. Сондай-ақ, аталмыш мәселелерді түбегейлі зерттейтін мамандар дайындау назардан тыс қалмайды. Осындай игі істердің нәтижесінде Сыр өңіріндегі мәдени және құнды ескерткіштерді, киелі жерлерді әлемге танытуға зор мүмкіндік туады. Бұл жобаны Германияның гуманитарлық ғылымдар қоры қаржыландырады.

Осы орайда Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке «Бұл жоба аясында 2005 жылдан бері зерттеу жасалып келеді. Аталмыш жобаның болашақ үшін маңызы зор деп санаймын. Біз бұл бағытта тың ұсыныстар, ескертпелер, сыни пікірлер айтылуын құптаймыз. Біздің университеттегі тарих факультетінің студенттері ежелгі Жанкент қаласын көзбен көруге зор қызығушылық білдіреді. Соған байланысты оларды қазба жұмыстарына тартуға ынта білдіріп отырмыз. Сол арқылы жастар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Тарихи құнды деректерге қол жеткізеді», - деді.

Қорытынды отырыс барысында Ресей ғылым академиясының ғалымдары да ой-пікірлерін білдірді. Академия профессоры Андрей Панин мен экспедиция мүшесі Мария Броникова Жанкент шаһарын зерттеуде құнды деректерге қол жеткізуге мол мүмкіндік бар екенін айтты. Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сауда-саттық мәдениеті, тұрмыстық деңгейдегі ықпалы және табиғи ортаның бүгінгі өзгерісін ғылыми тұрғыда айқындауға негіз бар.

Далалық семинар барысында шетелдік ғалымдармен бірге зерттеу жүргізген Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев:
«Жиын барысында көптеген ұсыныс-пікірлер сараланды. Жалпы, Еуразия аймағындағы қалалық өркениеттің дамуы және қалыптасуына назар аударылды. Жоба аясында алдағы үш жыл көлемінде Жанкент шаһарына зерделі зерттеу жасалады. Оған Германияның гуманитарлық ғылымдар қоры және жергілікті басшылық тарапынан қолдау жасалады», - деді.

Жиын барысында халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту үшін Жанкент қалашығының құрылыс материалдары және керамикалық кешені тақырыптары бойынша мамандар даярлау мәселесі айтылды. Осы орайда Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының екі ғылыми қызметкері Тюбинген университетінің докторантурасында білімін жетілдіреді.

Қорытынды отырысқа Германияның Тюбинген университеті, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, Англия, Франция, АҚШ, Ресей, Украина елдерінің ғалымдары қатысты.

null 

Соңғы жаңалықтар