Гепатит жұқтырып алмаңыз - Сұлулық салонын қалай таңдау керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы тұрғындарға гепатит жұқтырып алмауға қатысты бірқатар кеңестер берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вирустық гепатиттен 100% сақтану мүмкін емес. Бірақ, бірнеше ережені ұстанып, қауіпті сейілтуге болады: маникюр, педикюр, тату, пирсинг және т.б. күмәнді салондарда, сондай-ақ көп қолданылатын құралдар мен олардың бөлшектерін қажетті зарарсыздандыра алмайтын қоғамдық орындарда жасатпаңыз; кез келген зарарсыздандырылмаған кесетін медициналық, маникюрлік және басқа да құралдарды қолданудан аулақ болыңыз; Гепатитке ұдайы тексеріліңіз; В гепатитіне қарсы екпе алыңыз», - деп кеңес беруде орталықтың сарапшылары.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ұлттық-практикалық орталығы Санитарлық-гигиеналық мониторинг және қауіптерді бағалау департаментінің директоры Сейкәрім Тастанбаев өзнің мынадай кеңестерін берді.

«Клиенттер косметикалық, косметологиялық қызметтерді ұсынатын шаштараздар мен сұлулық салондарына барған кезде мынаған назар аударулары қажет: әйелдер мен ерлер залдарында шаштаразшылар мен келушілердің қолдарын жууға және бастарын жууға арналған жерлері бөлек болуы тиіс. Косметикалық, маникюр және педикюр бөлмелерінде жабық түрдегі бактерицидтік ультракүлгін сәулелендіргіштері болуы тиіс», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, салон қызметкерлерінің өздері мына ережелерді сақтауы тиіс:

- клиентке қызмет көрсетудің алдында және одан кейін қолды сабындап жуу;

- косметикалық кабинеттерде қолға арналаған антисептиктерді қолдану, қорғаныс маскаларын, бір реттік қолғаптар пайдалану;

- шашты қолғаппен бояу;

- жұмыс орындарында тамақтанбау және темекі шекпеу;

- арнайы киімде жұмыс істеу. 

Соңғы жаңалықтар