Геологиялық барлау бағдарламасына жұмсалған әр теңге 4 еселеніп қайтады - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Геологиялық барлаудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру барысында қосымша 60 мың адам жұмысқа тартылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2025 жылдың соңына қарай экономиканың бірнеше саласында мультипликативтік әсері бар бірқатар оң нәтижеге қол жеткізіледі. Бірінші, еліміздің геологиялық зерттелу деңгейі 25 пайыздан 37 пайызға дейін артады. Екінші, қатты пайдалы қазбалардың болжамдық ресурстары нақтыланып, перспективасы жоғары 50-ге жуық учаскелер анықталады. Үшінші, шөгінді бассейндердің геологиялық зерттелу дәрежесі артады: игерілген бассейндер бойынша – 60 пайызға дейін; аз зерттелгендері бойынша – 10 пайызға дейін», - деді министр.

Оның атап өтуінше, төртіншіден пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарының өсімі қамтамасыз етіледі. Геологиялық ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Оған сала ардагерлері, геолог-ғалымдар және ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері кеңінен тартылады.

«Бесінші, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 200 млрд теңге болатын бюджет салымынан күтілетін қайтарым 800 млрд теңгеге бағаланады. Яғни, салынған 1 теңге 4 теңге әкеледі деп есептейміз. Алтыншы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында геологиялық барлау жұмыстарына қосымша 60 мыңға жуық адам жұмысқа тартылады. Егер де, шамамен жаңа 10 кен орны ашылған жағдайда, оларды өндіріске дайындау мен енгізу кезеңдеріндегі жұмыстарға шамамен 6,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 20 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп болжануда. Мұндай нәтижелер өңірлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге оң әсер ететіні сөзсіз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар