Геология саласы қосымша қаржыландырылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуге қатысты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздегі негізгі минералды шикізат базасы бұрыннан белгілі нысандарды қайта бағалау және жете зерттелеу есебінен толығып отыр. Яғни жеке инвесторларды тарту жұмысы тиісті деңгейде еместігін байқатуда. Қазіргі кезде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, осы орайда қажетті шаралар басталды. Кодекске тиісті өзгерістер де енгізілді. Алдағы уақытта оң шешімдерді күтеміз», -деді Б. Сағынтаев.

Осыған байланысты Үкімет басшысы жер қойнауын пайдалану саласындағы өкілетті органдарға еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру жөнінде тиімді жұмыстарды атқаруды тапсырды.

«Инвестициялар және даму министрлігі стратегиялық әріптестерді тарту мақсатында перспективалы учаскелерді анықтау үшін геологиялық барлау жұмысын күшейтуі қажет. Бұл мақсатта Қазгеологияның қуатын барынша толық пайдалану керек. Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге геология саласын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтасын», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол экологиялық жағдай назардан тыс қалмауы керектігін атап өтті.

«Тағы бір мәселе экологияға байланысты. Өз қызметін жүргізгеннен кейін кен іздеушілердің экологиялық ахуал мен өңірлердің экожүйесін бұзбауын қадағалау маңызды. Жергілікті атқарушы органдар бұл бағытты мұқият бақылауда ұстаулары қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар