Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы қандай жетістіктерге жеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) рингке қайта оралатынын мәлімдеді. Оның келесі қарсыласы - канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО), деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Стив Роллс Канаданың Онтарио провинциясында дүниеге келген. GGG-ден екі жас кіші. Осы аптаның басында 35-ке келді. С.Роллс бокстан ұлттық құраманың сапында да болды. Әуесқой бокста 83 рет жеңіске жетіп, 14 рет ұтылған. 2009 жылы Италияның Милан қаласында өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) ерлер арасындағы чемпионатына да қатысты. Алғашқы екі жекпе-жекте жеңіске жетті. Алайда 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Виджендер Сингхтан ұтылып қалды. Дегенмен, осы жарыстан кейін Роллс әлем бойынша 12 орынға көтерілді.

2011 жылы Стив Роллс кәсіби боксқа ауысып, екінші орта салмақта (76,2 келі) өнер көрсете бастады. Жекпе-жектердің басым бөлігін өз елінде өткізді. Алты рет АҚШ-та жұдырықтасты. С.Роллс осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген. 19 жекпе-жекті 10 рет нокаутпен аяқтады. Оған қарсы шыққан боксшылардың ішінде Кеандре Лезервуд (21-6-1, 13 KO), Дамиан Бонелли (23-6, 20 KO), Андрик Саралеги (8-5, 6 KO), Демонд Николсон (21-3-1, 20 KO), Аттила Корош (15-18-1, 11 KO), Эммануэль Санчес (7-12-1, 1 KO), Стид Вудэлл (15-1-1, 10 KO), Тай Эдмондс (11-3, 8 KO), Йозеф Кормани (19-42-1, 6 KO), Норберт Шекереш (18-73-4, 9 KO) сынды боксшылар бар. С.Роллс 12 раундық жекпе-жекті әлі өткізген емес. Дегенмен, АҚШ бойынша USBA титулының иегері болып саналады. Бұған дейін юниорлар арасында NABF белбеуін де ұтқан болатын.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Стив Роллс арасындағы жекпе-жек 8 маусымда Нью-Йорктің (АҚШ) Madison Square Garden аренасында өтеді. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстандағы трансляция 9 маусымда болады. Олардың жекпе-жегі аралық салмақ - 73,8 келіде ұйымдастырылады. GGG-дің өзі орта салмақта - 72,5 келіде өнер көрсетеді.

«Мен өзім MSG-дегі кезекті Big Drama Show-дың алында қатты қобалжып тұрмын. MSG фанаттары фантастика ғой. Мен боксты жақсы көремін. Сондықтан Стив Роллсқа қарсы жекпе-жегімді көретіндерге ең үздік өнерімді көрсетуге уәде етемін», - дейді Г.Головкин.

Соңғы жаңалықтар