Геннадий Головкин мен Сергей Деревянченко келісімге келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Геннадий Головкинді украиналық боксшы Сергей Дервянченкомен кездесуге міндеттеген болатын. Оның промоутері Лу ДиБелла да GGG-мен жекпе-жек өткізуді талап етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы сұxбатында «DiBella Entertainment» промоутерлік компаниясының басшысы Лу ДиБелла қазақстандық боксшыға қарсы жекпе-жекті шегере тұруға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, 18 сәуірде өтетін тыңдау барысында Сауль Альваресті алты айдан артық уақытқа шеттететін болса, Сергей Деревянченконың командасы Головкиннен IBF міндеттемелерін талап етуді жалғастыратын болады. GGG аталған ұйымның белбеуін қорғауы тиіс. Әйтпесе, бір титулдан айырылады.

«Енді, 5 мамырға дейін екі-ақ апта қалды. Сондықтан Головкин Деревянченкомен кездеспейтін шығар. 18 сәуірде Неваданың атлетикалық комиссиясы «Канелоға» қатысты тыңдауларды өткізеді. Сол кезде мексикалық боксшыны ақтап, екеуінің рематчын қыркүйекке ауыстыратын болса, біз күте тұрамыз. Деревянченко басқа біреумен жекпе-жек өткізе салады. Біз әу баста олардың реваншына қарсы болған жоқпыз. Ал реваншты одан кейінгі уақытқа ауыстыратын болса, біз жай отыра алмаймыз. Біз GGG мен Сергей арасындағы жекпе-жектің промоутерлік саудасын және келіссөздерді бастауды талап ететін боламыз», - деді Лу ДиБелла Dontae's Boxing Nation-ге берген сұxбатында.

Айта кетейік, бұған дейін Невада штатының атлетикалық комиссиясы Головкинге 5 мамырда америкалық боксшы Ванес Мартиросянмен кездесуге рұқсат берген болатын. Оған WBC мен WBA да келісті. Алайда IBF қарсылық білдіріп, украиналық боксшы Сергей Деревянченкоға қарсы шығуды талап еткен болатын. Енді, Головкин мен Деревянченконың командалары бір келісімге келсе, 5 мамырда GGG Ванес Мартиросянмен (36-3-1, 21 КО) жұдырықтасуы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар