+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Генерал-майор Серік Бурамбаев: патриотизмді қалыптастыру - күрделі міндеттердің бірі

2021 жылғы 12 тамыз 21:37
Бөлісіңіз:
Генерал-майор Серік Бурамбаев: патриотизмді қалыптастыру - күрделі міндеттердің бірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі жағдайда патриотизмді қалыптастыру маңызды, сонымен бірге күрделі міндеттердің бірі болып отыр. Бүгінде бұл Қорғаныс министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі. Әскери қызметшілер мен жас қазақстандықтарға әскери-патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ ардагерлермен жұмыс жасау туралы Бас штаб бастығының орынбасары-Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Бурамбаев айтып берді.

Ұқсас жаңалықтар
«Дені сау ұлт»: 2025 жылға дейін елімізде 19 «ерте араласу» орталығы салынады «Елорда көршілері» тұрғын үйді басқару және дамыту бағдарламасы іске қосылды СҚО-да полицейлер бір отбасын өрттен құтқарып қалды

- Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштерінде әскери-патриоттық тәрбие неден басталады?

- Патриотизмге қоғам өмірінің барлық саласында ерекше орын беру қажет.

Әскери-патриоттық тәрбие-бұл кешенді, көпжоспарлы және үйлестірілген қызмет. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты объективті қиындықтарға қарамастан, біз әскери-патриоттық жұмысты одан әрі дамытудың неғұрлым тиімді жолын айқындай алдық.

Қорғаныс министрлігі осы бағытта пәрменді және практикалық шаралар қабылдады. Жергілікті атқарушы органдармен, ардагерлер ұйымдарымен, мәдени орталықтармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери-патриоттық сипаттағы түрлі іс-шараларды жоспарлап, өткіземіз.

Сонымен қатар, біз тек әскери қызметшілермен ғана жұмыс істеумен шектелмейміз. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу маңызды болып қала береді. Жастар өмірде әртүрлі жағымсыз тенденцияларға қарсы тұруға көмектесетін жеке моральдық-психологиялық қасиеттерге ие болуы керек.

Жыл сайын өткізілетін «Айбын» жастар жиыны әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралардың ауқымдысы болып табылады. Аудандық, қалалық, облыстық іріктеу турларына 55 мыңнан астам баланы қамтитын екі мыңнан астам клуб қатысады. Оның жастар арасында танымалдығы жылдан жылға артып келе жатқанын көріп отырмыз. Көптеген ұлдар мен қыздар әскери салаға белсенді қызығушылық танытады.

Ерлік сабақтары дәстүрге айналды. Өткен жылы олар 50 мыңнан астам оқушыны қамти отырып, еліміздің 3 600 мектебінде өткізілді. Бұл жұмысқа алты мыңнан астам әскери қызметшілер мен Қарулы Күштердің ардагерлері жұмылдырылды.

Оқушылар әскери бөлімге келіп, әскери қызметшілердің оқу-жауынгерлік даярлық процесін, олардың өмірі мен тұрмысын, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін көре алатын «ашық есік күндері» практикасы әскери-патриоттық тәрбиенің пәрменді нысаны болып қала береді.

Бұл Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық іс-шараларының негізгі, бірақ толық емес тізімі.

Қорғаныс министрлігі әскери дайындық бере алады, батылдық, Отанды қорғауға қару-жарақпен дайын болу сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді.

Патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік әскери мәселелермен шектелмейді. Бейбіт уақытта - бұл адамның Отанды мықты, гүлденген етуге, оқуға, жұмыс істеуге, өз елінің дамуына үлес қосуға деген ұмтылысы. Ал, бұл тек армияның ғана емес, бүкіл қазақстандық қоғамның ісі және бұл жұмысты балабақшадан, мектеп қабырғасынан жүргізу қажет.


- Бұрынғы әскери қызметшілермен, атап айтқанда, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен жұмыс қалай жүргізіледі?

- Бұрынғы әскери адам деген болмайды, кез келген запастағы офицер мұны растайды. Бір кездері «азамат» болған бұрынғы әскери қызметшілер оларда қызмет тәрбиелеген моральдық және іскерлік қасиеттерін сақтайды. Тіпті құрметті демалыста олар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысады, командирлерге көмек көрсетеді, бай тәжірибелерімен бөліседі.

Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша 2011 жылы «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды, онымен жыл сайын бірлескен іс-шаралардың бірыңғай жоспары әзірленеді және іске асырылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында Қарулы Күштер ардагерлері Орталық кеңесінің пленумы ірі іс-шара болып, онда ардагерлердің бірлескен қызметі мен әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.

Ардагерлер үлкен еңбек тәжірибесіне, қажетті адамгершілік қасиеттерге ие және тәлімгерлік қызметке белсенді түрде тартылады. Олар жас офицерлерге кәсіби шеберлік дағдыларын меңгеруге көмектеседі, өздерінің қызметтік тәжірибелерін тәрбиелік және әскери-патриоттық іс-шараларды өткізуге бағыттайды. Ардагерлердің қатысуысыз патриоттық акция, конференция немесе жас сарбаздардың шақыруы өткізілмейді.

Тек 2020 жылы ардагерлердің қатысуымен өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуге, кәсіптік бағдар беру және оқу үшін әскери жоғары оқу орындарын таңдау мәселелеріне бағытталған үш жүзден астам іс-шара өткізілді. Ардагерлердің қолдауымен Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп оқу орындарында бастапқы әскери даярлық жүйесінің сапасын жақсарту мәселелері шешілуде.


- Соғыс ардагерлерінің әлеуметтік мәселелердің шешілмеуіне байланысты түрлі инстанцияларға жүгіну жағдайлары болды. Қорғаныс министрлігі ардагерлерге өз мәселелерін шешуге қалай көмектеседі?

- Ардагерлерге қатысты мәселелер баршылық. Алайда олар мемлекеттің осы санаттағы азаматтарына назар аудармайтындықтан туындамайды.

Ардагерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді анықтайтын заңнамалық база бар. Егер біз халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, онда осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру көрші Ресейден, Беларусьн және ТМД-ның басқа елдерінен кем түспейді.

Ардагерлер негізінен әлеуметтік сипаттағы және Қорғаныс министрлігінің құзыретіне жатпайтын әртүрлі мәселелермен жүгінеді. Бұл негізінен мемлекеттік жәрдемақыны арттыру, тұрғын үймен бірінші кезекте немесе кезектен тыс қамтамасыз ету мүмкіндігі, ақшалай өтемақы төлеу, тегін санаторий-курорттық емдеу, ұялы байланысты тегін пайдалану, әскери операцияларға қатысуды растау және басқа да бірқатар талаптар.

Ең алдымен, Үкімет елдегі ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды, экономикалық мүмкіндіктерді ескереді.

Сонымен қатар, Парламент Мәжілісі арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер үшін әскери қызмет және тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген 13 түзетуді қолдады. Олар әскери қызметші қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие болуына, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлудің құқықтық режимін реттеуге және басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты.

Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қорғаныс, әскери-саяси және әскери-экономикалық басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруымен қатар, ол ардагерлердің мәселелерін біледі, оларға әрдайым назар аударып және өз құзыреті шегінде оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдайды. Біз ведомствоаралық жұмыс топтарының құрамында заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысамыз. Қорғаныс министрлігі жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметші болған уақытын «бір айды үш айға» жеңілдікпен есептеудегі еңбек өтіліне теңеу мәселесін көтеріп, қолдау көрсетті.

Ардагерлердің бірыңғай куәлігін беруге келетін болсақ, бүгінде бүкіл әлем сандық технологияларды қолданған кезде оның құндылығы мен маңыздылығы жоқ. Алайда, қолданыстағы заңнамада бұл көзделмегеніне қарамастан, Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай куәлікті беруге қатысты мәселені заңнамалық деңгейде пысықтауға дайын.

Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосы «Ардагерлер туралы» ҚР Заңының 5-бабын толықтыру мәселесін көтерді. Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында жұмыс істеген жалданбалы құрамның мейірбикелерін ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жатқызу болжанып отыр.

Сондай-ақ, 1984 жылдан 1989 жылға дейін Парсы шығанағы аймағында әскери қызмет өткерген адамдарды; 1992 жылдан 2001 жылға дейін тәжік-ауған учаскесінде ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған бұрынғы әскери қызметшілерді жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері деп тану мәселесі қаралуда. 1991 жылдан 1992 жылға дейін Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері мәртебесін беру ұсынылады.

Қорғаныс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Ауғанстанға жеке құрамды, жауынгерлік техниканы, оқ-дәрілер мен материалдық құралдарды әкету үшін жіберілген әскери қызметшілерге белгілі бір мәртебе беру мәселесін қарауды ұсынды.

7 тамызда мен Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде Ауған соғысына қатысушы интренационалист жауынгерлермен «дөңгелек үстел» өткіздім. Талқыланатын мәселелердің бірі 1989 жылғы маусым мен 1990 жылғы қараша аралығындағы кезеңде Ауғанстан аумағынан әскери техниканы, оқ-дәрілерді және басқа да мүлікті әкетуді жүзеге асырған адамдардың жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері мәртебесін алу құқығын қарау болды, яғни ұрыс қимылдары жүргізілмей қалған кезде.

«Дөңгелек үстел» жұмысы барысында қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың қай санаты әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктер алуға құқылы екендігі туралы тиісті түсініктемелер берілді.

- Түсіндіру жұмыстары соғыс ардагерлерімен тікелей жүргізіле ме?

- Қорғаныс министрлігі бұрынғы әскери қызметшілермен түсіндіру және басқа да қажетті жұмыстарды тұрақты негізде жүргізеді. Мамандар ұрыс қимылдарына қатысқандығын растайтын мұрағаттық құжаттарды іздестіруге көмектеседі. Жергілікті әскери басқару органдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік жәрдемақылар мен басқа да жеңілдіктер алу мәселелерінде консультативтік-құқықтық көмек көрсетеді.

Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы ұйымдастырылды. Жауапты лауазымды тұлғалар гарнизондарға барады, онда әскери қызметшілермен, олардың отбасы мүшелерімен және ардагерлермен кездесулер өткізеді.

Осы жылдың шілде айында Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында Қарулы Күштер, жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлерімен кездесулер өтті, онда проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Өткен аптада Бас штабтың ақпараттық-түсіндіру тобы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Қалбатау ауылында, Аягөз және Өскемен қалаларында соғыс ардагерлерімен, соғыс қимылдарының қатысушыларымен жұмыс жүргізді. Олар әскери қызметшілер мен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Ардагерлердің жұмысын атап өткім келеді. Осы жылдың шілде айында бұрынғы әскери қызметшілер бірігіп, әскери іс-қимылдар ардагерлеріне қолдау көрсету және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге ат салысу бойынша Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасауға ниетті «Парыз» қоғамдық ұйымын құруға бастамашылық жасады.


- Сіз ардагерлердің жастармен жұмысы туралы бірнеше рет атап өттіңіз. Олардың өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге қатысуы туралы айтып берсеңіз?

- Ардагерлердің көмегі өте зор. Олардың қатысуымен әскери кадрларды даярлау мәселелері шешілуде. Әскери-патриоттық, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының кешені тұрақты негізде өткізіледі.

Ардагерлердің көмегімен алғашқы әскери дайындық оқытушыларын іріктеу және орналастыру жүйесі жақсарды.

Интернационалист жауынгерлерді бөлек атап өткім келеді. Ауғанстан-біздің тарихымыздың бір парағы ғана емес. Бұл жастардың табандылығы мен батылдығының, әскери парызға құрмет пен адалдықтың белгісі. Ауғанстанды ұмытуға болмайды. Біз бұл тәжірибені жастарды тәрбиелеудің игі ісіне бағыттаймыз.

Айта кету керек, бізде әлі күнге дейін КСРО кезеңінде шетелде халықаралық парызды орындаған аға буын өкілдері қызмет етеді.

Олардың барлығы әскери адам қызмет етті және қызмет етеді, оның ішінде жеңілдіктер, мәртебе немесе артықшылықтар үшін емес, жүрек шақыруы бойынша соғыс қимылдарына қатысады деп мәлімдейді. Бұрын, өткен жылдары әскери киім кию және мемлекетті көпшілік алдында сынға алу, марапаттар мен артықшылықтар сұрау, дұрыс емес нәрсеге қол жеткізу ұят деп саналды.

Бұл дәстүрді сақтап қалу қажет.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT