Генерал-майор Мұхамеджан Таласов: Ел қауіпсіздігін сақтайтын армия да, әскери техника да бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сөз жоқ, кез келген тәуелсіз мемлекеттің басты атрибуты - армия. Ал армия мықты болса, халықтың рухы жоғары, өзіне деген сенімі мықты болады. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери-техникалық дайындығы қалай? Заман талабына сай қару-жарақ көп пе? Әскерилердің тұрғын-үй мәселесі қалай шешіліп жатыр? Жастардың әскерден жалтаруын азайту үшін қандай шаралар атқырылуда? Биылғы жауынгерлік парадтың басты ерекшелігі қандай? Аталған сұрақтарға ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов жауап берді.

Мұхамеджан Қадыржанұлы, алдымен Сіздерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймыз! Тәуелсіздік алғалы бері Қарулы Күштеріміздің дайындық деңгейі түбегейлі өзгерді. Осы жайында кеңінен айтып берсеңіз. Әскери техникамен жабдықтау, әскердің дайындық жағы қалай?

- Қазақстанның Қарулы Күштері кез келген жағдайда еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әзір. Ал мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заман талабына сай келетін қару-жарақ пен техника болуы қажет. Қарулы Күштердің техникалық жабдықталу жағы жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде жаңа техниканың үлесі 33 проценттен асып отыр. Жаһандық цифрландыруды ескере отырып, бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйелерін құру мәселесіне де баса назар аударылады. Соның арқасында әскерді жедел басқарып, бөлімшелердің өзара іс-қимылын сапалы түрде жүргізуге болады.

- Қазақстандағы әскери техниканың қай түрлерін ерекше атап өтер едіңіз?

- Енді, әрбір әскердің өзіндік техникалары бар ғой. Мәселен, Құрлық әскерлеріне радиоэлектрондық барлау және күрес техникасының қазіргі заманғы үлгілері, жауынгерлік броньды машиналар мен броньды транспортерлер, зымыран-артиллериялық қару-жарақтары, ауыр отшашар жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау машиналары, далалық госпитальдер және әртүрлі медициналық техника келіп түсті.

Ал Әуе қорғанысы күштері Су-30СМ «4++» атты қазіргі заманғы жойғыш ұшақтарымен мақтана алады. Сосын Су-27 және Су-25 ұшақтары түбегейлі жаңартудан өтті. Бұдан бөлек, С-295 әскери-көлік ұшақтары, «Zlin» оқу-жаттығу ұшақтары, ЕС-145, Ми-171Ш мен Ми-35М көп нысаналы соққы беретін тікұшақтары бар. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникасы да жаңартылды. Әскери-теңіз күштерінің техникалық жағдайы да жаман емес. Оларға «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» сияқты зымыран-артиллериялық корабльдері келіп түсті. Аталған корабльдер өзімізде жасалды және қазіргі заманғы арнайы техникалық құралдармен жабдықталды. Сосын «Алатау» атты мина-тралдық корабльді ерекше атап өтуге болады. Оның көмегімен теңізде миналарды орнатып қана қоймай, минаға қарсы шараларды да атқаруға болады. Корабльде миналық қауіппен күресуге арналған суасты аппараттардың үш түрі бар. Оны «роботтар» деп атайды.

- Биылдан бастап әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң күшіне енді. Бас кезінде аталған жүйе ипотекалық бағытта іске асады деген ақпарат болды. Осы бастаманы іске асыру механизмдері жайында кеңінен айтып берсеңіз.

- Иә, 1 қаңтардан бастап Тұрғын-үй қатынастары туралы заңға өзгерістер енгізілді. Негізгі мақсат - әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыру. Оған сәйкес, әскери қызмет мерзіміне қарамастан, жекеменшік тұрғын үй сатып алуға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша баспанасыз әскери қызметшілердің  дербес арнайы шоттарына ай сайын тұрғын-үй төлемдері аударылады. Әскери қызмет өтілі ескерілмейді. Төлем сомасы отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі.

Ал әскери қалашықтарда тұратын қызметшілерге 50 проценттік тұрғын-үй төлемі беріледі. Себебі гарнизондағы қызметтік баспана жекешелендіруге жатпайды. 50 проценттік төлем арқылы біз олардың шалғайдағы гарнизондарда өткізген уақытын материалдық тұрғыдан өтейміз. Олар сол ақшаға  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.

Зейнетке шыққан әскерилердің мәселесі де шешілді. Еңбек өтілі 20 және одан да көп жылды құрайтын, жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұратындар 2020 жылы біржолғы өтемақы алады.

- Бүгінде әскери борышты өтеу үшін мерзімді әскери қызметке, я болмаса, қысқа мерзімді дайындық курстарына қатысу қажет. Әскери қызметтің мерзіміне қатысты қандай да бір өзгерістер бола ма? Сіздің ойыңызша, бір жыл адамның әскери дайындығын шыңдауға жеткілікті ме?

- Қазіргі заңнама бойынша мерзімді әскери қызмет үшін 12 ай белгіленген. Жақын арада қандай да бір өзгерістер жоспарда жоқ. Негізі, бүгінде әскери мамандықтарды қысқа мерзімде меңгеру үшін барлық жағдай жасалған. Жауынгерлер алған білімдеріне қарай әскери бөлімдерге жіберіледі және әскери дайындық деңгейі бойынша лауазымға тағайындалады. Сондықтан азаматтың әскери дайындығын шыңдауға бір жыл да жеткілікті.

- Қазіргі жастардың патриотизмін қалай бағалар едіңіз? Әскери міндеттен жалтаратындар көп пе?

- Шыны керек, бүгінгі жаһандану заманында патриотизм мәселесіне баса назар аударған жөн. Себебі қоғамдағы өзгерістер, сөз жоқ, алдымен жастарға қатты әсер етеді. Әрине, ондайда «Рухани жаңғыру» сияқты қалқан болмаса, ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы келетін қауіп-қатерлерге төтеп беру қиын. Қорғаныс министрлігі де өз ішінде әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесіне баса назар аударып келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылды. Бүгінде барлық өңірлерде филиалдары бар. «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. 2020 жылға дейін «Ұлтжанды жас сарбаз» әскери-патриоттық жұмысын жетілдіру тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Соның арқасында әскери-патриоттық клубтардың саны 2828-ге дейін жетті, барлығына 73 164 бала қатасып жүр. Жыл сайын өткізілетін «Айбын» әскери-патриоттық жиынын да ерекше атап өткен жөн.  Соның аясында барлық әскери-патриоттық клубтар аудандық, қалалық, облыстық іріктеу турларына қатысады. Сөйтіп, үздік әскери-патриоттық клубтар анықталады. Өткен жылы аталған жиын халықаралық форматта ұйымдастырылды.  «Жас ұлан» республикалық армия әндері фестивалінің орны ерекше. Былтыр фестивальдың іріктеу кезеңдеріне еліміздің барлық өңірлерінен 3 мыңнан астам оқушы қатысты, ал Астана қаласында өткен фестивальдың финалына 356 жас орындаушы қатысты. Респбулика бойынша кадет сыныптары ашылып жатыр. Жыл сайын оқу орындарында ерлік сабақтары өткізіледі. Соңғы екі жылда Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы елдің барлық өңірлерін аралап шықты. Жалпы, бұл жұмыспен 120 мыңнан астам әскерге дейінгі жастар, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қамтылды.

Мен ойлаймын, аталған шаралардың барлығы жастардың патриотизмін күшейтіп, әскерден жалтаратындардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

- Астанада өткен әскери парадтар кезінде сап түзеп өткен әйелдерді де көрдік. Осы әскер қатарында әйелдердің саны қанша?

- Қарулы Күштердің қатарына нәзік жандылар аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, әртүрлі әскери гарнизондарда 8 мыңнан астам әйел әскери қызметті атқарып жүр. 1 мыңға жуығы офицерлер мен сарбаздар болса, 7 мыңнан астам сержант келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Олардың ішінде барлаушы, десантшы, ұшқыш, теңізші, парашютші, байланысшы қыздар көп. Күнде камуфляж киіп жүреді. Ал полигон мен оқ ату сияқты шаралар - олардың күнделікті өмірі.

- Биылғы жауынгерлік парадтың ерекшелігі қандай? Онда да камуфляж киген аруларымызды көре аламыз ба?

- Осы жолғы жауынгерлік парадтың басты ерекшелігі сол,  Қарулы Күштер әскери құралымдарды заңсыз басып алу кезіндегі операцияларды, нақты жауынгерлік іс-қимылдарын көрсетеді. Сосын қазіргі заманғы қару-жарақты, әскери техниканы, жауынгерлік авиацияны қолдана отырып, барлау бөлімшелерінің тактикалық іс-қимылдарын тамашалауға болады. Қазақстан халқы армиямыздың, әскери техникамыздың күш-қуатын нақты іс-қимыл арқылы көре алады. Парад аясында арнайы мақсаттағы бөлімшелер өз шеберлігін көрсетеді, майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясы, С-295 жаңа әскери-көлік ұшақтары және Су-30СМ көп нысаналы жойғыштары жоғары пилотажды орындайды.

- Отан қорғаушылар күніне орай тілегіңізді білдірсеңіз?

- Бұл мереке батырлықтың, табандылықтың, патриотизмнің, Отанға қалтқысыз қызмет етудің нышаны болып табылады. Әскери қызмет - қасиетті міндет, әр азаматтың қастерлі борышы, ерлік пен жанқиярлықтың мектебі. Барлық қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз!

Әңгімеңізге рақмет! Барлық әскери қызметшілерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз!

Фото: liter.kz

Соңғы жаңалықтар