Гендерлік бағдарланған бюджет бағытында жұмыс жасауымыз керек - Ләззат Рамазанова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы Онлайн форматта өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат комиссияға сілтеме жасап.

Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова отырысты аша отырып, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу өзекті мәселелерін талқылау кезінде азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

«Өңірлерде ұлттық комиссия мүшелерінің, Парламент депутаттарының, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен тиісті заңнамалық бастамаларды талқылау басталды. Отбасы институтын нығайтуға қатысты жұртшылықтың барлық пікірлері мен ұсыныстары тыңдалады. Мұндай формат қоғамның сұраныстарын нормативтік құжаттарда көрсетіп қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық отбасылардың әл-ауқаты мәселелері – мемлекеттік саясаттың басымдығында және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген», - деді Ләззат Рамазанова.

Отырыста әйелдер мен отбасы институтының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға әсері туралы ақпарат ұсынылды. Қазақстанның 2017-2020 жылдарындағы, сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы құқықтық статистикаға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде 1394 әйелге қатысты 1113 іс қозғалды. Талдау көрсеткендей, әйелдер негізінен бөтен мүлікті иемдену және талан-таражға салу - 36,8% (513 адам), алаяқтық – 20% (282), пара беру – 14,7% (205) және пара алу-12,8% (178) түрінде қылмыс жасайды.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің Еуропа, Африка және Азияның 150 мемлекетінде жүргізген зерттеулері сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне әйелдердің саясаттағы және заң шығару органдарындағы неғұрлым жоғары өкілдігі әсер ететіндігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен елдер – Дания, Швеция, Финляндия, Норвегияда саяси лауазымдарда басқа мемлекеттерге қарағанда әйелдер көп. Эксперимент ретінде полиция қызметіне қосымша 2,5 мыңнан астам әйелді тартқан Перу билігінің тәжірибесі ерекше, бұл эксперимент құқық қорғау органдарындағы парақорлықты күрт төмендетті.

Кездесуде сондай-ақ Ақмола облысында гендерлік бағдарланған бюджеттеуді енгізу жөніндегі жобаның қорытындылары шығарылды. Мұндай тетік ЭЫДҰ-ның көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Бюджетті қалыптастыру кезеңінде мемлекеттік органдар әйелдер мен ерлердің қажеттіліктерін ескереді, бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қаржы қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

«Гендерлік бюджеттеу – бұл ең алдымен әрбір азаматтың қажеттіліктерін есепке алу және қаражатты ұтымды пайдалану. Бюджетті қалыптастыру кезінде қанша әйел мен ер адам емделуге мұқтаж екенін түсіну керек. Еңбек нарығындағы ауытқуларды болдырмау үшін жігіттер мен қыздарды қандай мамандықтарға оқыту керек. Ұлдар мен қыздарды бұқаралық спортқа тарту үшін қалалар мен аудан орталықтарында қандай спорт секцияларын ашу керек. Мұндай тетікті енгізу - бір күннің мәселесі емес, дайындық жұмыстары қажет. Бірақ гендерлік бағдарланған бюджет алдыңғы қатарлы елдерде тиімділігін дәлелдеді, сондықтан біз осы бағытта жұмыс жасауымыз керек», - деді Ләззат Рамазанова.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.


Соңғы жаңалықтар