Газдың әлеуметтік әділ құны белгіленеді – Ұлттық экономика министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Газдың әлеуметтік әділ құны белгіленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы тауарлық газдың энергия тиімділігін арттыру және ұтымды пайдалану үшін тиісті жоспар қабылдауды тапсырды. Аталған міндетті іске асыру үшін ірі коммерциялық кәсіпорындарға сараланған тарифтерді енгізу, халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу шаралары ұсынылады. Бұл өз кезегінде газды үнемді пайдалануға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік әділ құнын белгілеуге ықпал етеді», - деді Ә.Қуантыров.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы жан-жақты жаңғырту бойынша нақты міндеттерді қойған болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру қажет екенін атап өтті. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар