Газды үнемдеп пайдалану жоспары әзірленеді – Энергетика министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл тауарлық газ өндіру көлемі өседі. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканың өсуін ескере отырып, табиғи газды ішкі тұтыну 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрден астам көлемге өсті. Ел экономикасын газбен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік ҚазақГаз және ҚазМұнайГаз компаниясымен бірлесіп бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Біріншіден, газ өндіруді ынталандыру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды. Екіншіден, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу бойынша жаңа зауыттарды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда биылдан бастап тауарлық газ өндіру көлемі өседі, сондай-ақ 2025 жылы бұл көрсеткіш елеулі түрде артады деп жоспарланып отыр», - деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, қол қойылған Жол картасы аясында Газпроммен газ импорты бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Тұтынушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, халық үшін газ бағасын ұстап тұру қажет. Алайда газдың төмен бағасын табысы жоғары тұтынушылар да пайдаланып келеді. Мәселен, температура бойынша 2 есеге жуық айырмашылығы бар Маңғыстау және Қостанай облыстарында тұтыну көлемі айына орта есеппен 600 текше метр газды құрап отыр. Осы орайда газдың төмен бағасын ұстап тұру газды тиімсіз жағу салдарына әкеліп отыр деген қорытынды жасауға болады», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жартыжылдықтың аяғына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму әрі Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, энергия тиімділігі мен тауарлық газды ұтымды тұтыну жоспары әзірленетін болады. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды қоспағанда, басқа тұтынушылар үшін газды үнемдеп тұтынуды ынталандыратын сараланған тарифтер тетігі енгізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар