Газбен жүретін көліктерді жабық автотұраққа қоюға тыйым салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер газбен жүретін көліктерді жабық автотұраққа қоюға неге тыйым салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылдың желтоқсанында ҚР өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізген Үкімет қаулысы қабылданды, онда газбен жүретін көліктердің жабық паркингтерге кіруіне тыйым салынды.

«Мұндай қадамға неліктен барғанымызды түсіндірейін. ТЖ комитеті талдау жүргізіп, газбен жабдықталған автокөлік өртінің көбейгенін анықтады. Жыл сайын республика бойынша 2,5 мың автокөлікте өрт тұтанады. Соңғы үш жылда - 2016-2019 жылдары газбен жабдықталған көліктерде 374 өрт болып, 5 адам мерт болған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2016 жылы 74 өрт болса, 2017 жылы – 80, 2018 жылы – 114, ал 2019 жылы – 106 оқиға тіркелген», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, В. Беккер тұрғын үйлердің автотұрақтарындағы газдың иісі туралы шағым көбейгенін жеткізді.

«Бірнеше рет паркингтерге барып, бұл автокөліктердің газынан айтарлықтай қауіп барын, ТЖ, өрт немесе жарылыс болуы мүмкін екенін анықтадық. Тұрғын үйлердегі газ жарылу оқиғаларының қаншама рет куәсі болдық. Газ жарылысы өте қауіпті, әсіресе төменгі қабаттардағы жарылыс тұтас ғимараттың құлауына әкеліп соғады. Біз Қазақстандағы құрылыс нормаларын қарастырдық, онда ғимараттармен жапсарлас салынған автотұрақтарға газбен жүретін көлік қоюға тыйым салынған. Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын жасадық», - деп атап өтті ол.

Аталған жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілді.

2019 жылдың 13 желтоқсанында Үкімет қаулысы қабылданды және 1 қаңтардан бастап күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар