Газ стансасындағы жарылыс: Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі газ сақтау стансасында орын алған жарылысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осыған байланысты полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс аталған жайт негізінде қозғалған.

«Қылмыстық кодекстің 292-бабы «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптама тағайындалды. Өрттің шығу себебі қосымша тексерілетін болады»,- дейді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.

Бұдан бөлек, жарылыстан сол аумақтағы тұрғын үйлерге де зиян келгені анықталып отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қатты жарылыстан үйдің терезелері сынып кеткен.

«Қатты жарылыс болды. Содан үйдің артқы жағынан қарасақ, газ стансасы жарылған екен. Айналдырған 2-3 минуттың ішінде 4 цистерна атылды. Жүгіріп шықтық, барайық десек, жалынның ұшқыны үйіміздің алдына дейін жетті. Әрең қашып үлгердік. Үйдің жанында айнамыз бар еді, соны жарып жіберді. Бәріміз қорқып қаштық, содан кейін тағы 7-8 рет жарылыс болды», - дейді Тассай ауылы тұрғындарының бірі.

Дәрігерлер болса, өрттен күйік шалған 20 жастағы жігіттің жағдайын өте ауыр деп бағалауда.

«Түскен кездегі диагнозы - термиялық күйіктің өте ауыр дәрежесі. Науқас қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Науқасқа керекті ем-шараның бәрі жасалып, қажетті дәрі-дәрмекпен 100 пайыз қамтылған. Науқас сол жерде емін жалғастырады. Консилиуммен қараған дәрігерлер науқастың жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Қазір де жағдайы өте ауыр күйінде»,- дейді Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.

Еске салайық, бүгін Шымкенттің іргесінде жарылыс болып, жекеменшік компанияға тиесілі стансадағы 200 текше метрлік үш резервуар өртке оранған болатын. Күйік шалған бір азамат Шымкент қалалық оксигенация орталығына жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар