Газ сатып алу бағасын 2024 жылға дейін өсірмей ұстап тұру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметіне жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасын 2024 жылға дейін ұстап тұру ұсынысы енгізілді. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында аталған ведомствоның басшысы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің ішкі нарығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артықшылық құқығы берілген ұлттық оператор институты енгізілді. Ұлттық оператор – «QazaqGaz» ҰК» АҚ газ сатып алу бағасы мен магистральдық тасымалдау тарифтерін негізге ала отырып, тауарлық газды көтерме саудада өткізуді және газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі бойынша газ таратуды біртұтас диспетчерлеуді жүзеге асырады. Бұл схема мемлекетке газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді» - деді министр.

Осы орайда Болат Ақшолақов көтерме сауда ұлттық оператор үшін залал әкелетіндігін алға тартады.

«Ол субсидияланады және экспорттық түсімдерге тікелей тәуелді. Мәселен, 2015-2021 жылдар аралығындағы ұлттық оператордың залалы - 587 млрд теңге. Бұған дейін айтқанымдай, ағымдағы бағаны QazaqGaz субсидиялайды және бұл әлемдегі ең төмен бағаның бірі болып есептеледі. Газдандыруды дамыту жағдайында тұтынудың, оның ішінде газға нарықтық бағаны төлеуге қабілетті жаңа коммерциялық тұтынушылармен тұтынудың өсуіне байланысты ұлттық оператордың залалдары жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні көтерме саудадан болған залал транзиттік және экспорттық түсімдерден артық», - деді ол.

Оның айтуынша, осыған байланысты министрлік Үкіметке жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасын 2024 жылға дейін ұстап тұру жөнінде ұсыныс енгізген.

«Аталған шара еліміздің әлеуметтік осал азаматтары үшін шекті көтерме бағаларды ұстап тұруға ықпал жасайды. Ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігін, бұл ретте халыққа және ірі әлеуметтік маңызы бар нысандарға бөлшек бағаны ұстай отырып, көтерме бағаны кезең-кезеңімен көтеруге қатысты ұзақмерзімді бағалық және тарифтік саясат қажет», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар