Гавайда келіншекті өлімнен құтқарған қазақ: Сын сағатта ойлануға уақыт болған жоқ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бұл оқиға АҚШ-тағы Гавайи штатының астанасы Гонолулу шаһарында болған. Жат жерде жұмыс істейтін жерлесіміз Ақжан Аңсағанов көпірден секірейін деп тұрған әйелді көріп, еш кідірместен соған қарай ұмтылды. Жылдам қимылдап ұстап алды да полицейлер келгенше бір сәтке де жібермеді. Осыдан кейін штат мэрі адам жанын ажалдан арашалап қалған қазақстандыққа алғыс білдіріп, 8 қарашаны ресми түрде Ақжан Аңсағанов күні деп жариялаған. ҚазАқпарат тілшісі бейбіт күннің батырымен телефон арқылы сол бір сын сағат жайлы және Америкадағы өмірі туралы аз-кем әңгімелескен еді.

- Қай жерде туып-өстіңіз?

- 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл ауданы Теректі ауылында жарық дүние есігін аштым. Мектеп табалдырығын Өскемендегі №19 білім ордасында аттадық.

2015 жылы Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде «Халықаралық қатынастар» факультетін тәмәмдадым. Содан кейін осы шаһардағы Қонаев атындағы университетте «заңгер» факультетінде білім алдым.

- АҚШ жеріне алғаш рет қашан табан тіредіңіз?

- Америка Құрама Штаттарына осыдан 4 жыл бұрын келдім. Ондағы мақсатым – жұмыс табу еді. 2017 жылы осы мемлекеттегі Қазақстан Республикасының елшілігіне жүргізуші болып орналастым. Кейіннен жеке көмекші болып еңбек еттік.

Қазір Америка инвестициялық компаниясының Орталық Азиядағы (Central Asia advisor to American Investment company) басшысының кеңесшісі болып қызмет атқарып жүрмін.

- Америкалық әйелді суицидтен құтқарып қалған сол бір оқиға жайлы айтып берсеңіз.

- 2 қараша күні жеке шаруаларыммен көшеде келе жатқан едім. Бір уақытта қасымнан көзі жасаураған 35-40 жас шамасындағы әйел адам өте шықты. Тоқтап соңынан қарасам, ол көпірге қарай беттеп бара жатыр екен. Жүрегім бірдеңені сезгендей әлгі әйелден көз алар емеспін. Кенет оның суицид жасауға бел байлағанын анық ұқтым.

Жат елде жүрсем де ойланбастан көпірден секіруге оқталған азаматшаға қарай жүгіре жөнелдім. Оны ұстап алып, жібермей қойдым. Себебі қолымнан шығып кетсе қас қағымда құлауы мүмкін. Абырой болғанда, сол маңнан өтіп бара жатқан басқа азаматтар да көмекке келді. Көп ұзамай полиция қызметкерлері де жетті.

Осы оқиғадан кейін Гавайи штатының мэрі маған мадақтама грамотасын беріп, өз ризашылығын жеткізді. Бұдан бөлек, 8 қарашаны Ақжан Аңсағанов күні деп жариялады. Менің орнымда болса кез келген адам солай істер еді деп ойлаймын.

Әкем полиция қызметкері болған. Оның талай адамды ажалдан арашалап қалғанын естіп өстік. Бізге де бала күнімізден өзгелерге жақсылық жасауға, қиын жағдайға тап болғандарға үнемі көмек қолын созуға тәрбиеледі.

- АҚШ халқының қазақтарға деген көзқарасы қандай? Ол жақтағы қазақстандықтар ұйымшыл ма?

- Америкалықтардың ұлтымызға деген көзқарасы өте жақсы. Елімізді жері кең, көпұлтты мемлекет ретінде біледі. Қазақтың Абай сынды ғұламаларын, әлемдік аренада жетістікке жетіп жүрген спортшылары мен күміс көмей әншілерін таниды.

Ал осындағы қазақтардың ұйымшылдығы керемет. Бір-бірімізбен үнемі араласып, қолдау білдіріп жүреміз. Қажет кезде қасынан табылып, ақыл-кеңестерімізді айтамыз. Отанымызды еске алысамыз.

Туған жерімізді, отбасымызды, жора-жолдастарымызды сағынамыз. Мұндағы сәулетті зәулім ғимараттар ауылдағы өз үйіңе, мың түрлі тағамдар қазақтың қазысына жетпейді ғой, шіркін!

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Жұмысымды ойдағыдай істеп, тәжірибе жинақтай бергім келеді. Өз-өзімді ары қарай дамытсам деймін. Сол үшін Ұлыбританияның Оксфорд университетіне оқуға түсуді жоспарлап жүрмін. Біліммен қатар дене шынықтыруды да ұмытпау керек. Себебі спорт адамды шыңдайды, қуат береді.

Үнемі таңертең жүгіріп, залға барып жаттығу жасаймын. Осы бағыттан таймасам деймін. Айта берсең жоспар көп. Сол мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етуге әзірміз.


Соңғы жаңалықтар