Гаухар Алдамбергенова: Елбасы - азаттықтың архитекторы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері, бүгінгі кескін-келбеті Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз байланысты. Мұндай пікірді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 19 наурыз күні жасаған мəлімдемесін үлкен толғаныспен қабылдадым. Өйткені, бұл - тарихи сәт болатын. Шын мəнінде тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері, бүгінгі кескін-келбеті Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз байланысты. Еліміз егемендік алып, тəуелсіздіктің тəуекелшіл жолына бет алуының қайнар бастауында Елбасы тұрды. Сондықтан ҚР Тұңғыш Президентін азаттықтың архитекторы десек те болады. Бүгінде əлемдегі ең үздік дамыған отыз елдің қатарына кіруді алдына асқақ мақсат етіп қойып, сол жолда орасан зор табыстарға қол артып үлгерген мерейлі мемлекетіміздің іргесін қалап, қадамын нықтап, қабырғасын тұрғызған, айналасын бекемдеп, шаңырағын көтерген де Нұрсұлтан Назарбаев еді. Салиқалы саясаттың арқасында Қазақ елі одан әрмен дами беретініне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттерінің сенімі зор", - деп атап өтеді университет басшысы.

Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Əбішұлы қай салада болмасын халықты жеңістерге жетелеуші, сол жеңістер мен жетістіктерге дем беруші болғанын баса айтады.

"Біздің елімізде осы кезге дейін қандай бір қол жеткен толағай табыстар болмасын, соның барлығын да сіздің қолтаңбаңыз, əкелік қамқорлығыңыз, басшылық бағдарыңыз бар. Тек соңғы жылдардың өзінде сіздің ұйытқы болуыңызбен қаншама іргелі істер, баянды бағдарламалар қолға алынды. Бұл бастамалар - ел игілігіне айналар іргелі істерге жол ашты, серпін берді, - деді Гаухар Алдамбергенова.

Университет ректоры Тұңғыш Президенттің үлкен сенімі мен қамқорлығының арқасында қазақ қыздарының парасат мектебі - Қыздар университетіне «Ұлттық» мәртебесін берілуі 75 жылдық тарихы қарашаңырақ білім ордасының алдына үлкен міндеттер қойғанын айтты. Беделін арттырып, ұжым алдында зор жауапкершілік жүктегендігіне атап өтті.

"Елбасының «Бір қызды тәрбиелеу - бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген ұлағатты сөзін ұстаным етіп алған университет ұжымы өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Бұл - еліміздің мәртебесін арттырып, өзге жұртпен терезесін тең еткен, айбынын асырып, беделін тасытқан Тұңғыш Президентке деген зор құрметтің айқын нышаны", - деді ол.

Соңғы жаңалықтар