Ғасырлық тарихы бар Явленка стансасы Дүниежүзілік метеорология ұйымының тізіміне енді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы ғасырлық тарихы бар Явленка метеостансасы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның тізіміне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, көпжылдық метеорологиялық бақылаулар - қазіргі және болашақ ұрпақтардың ұзақмерзімді, жоғары сапалы климаттық жазбалардағы қажеттіліктеріне қызмет ететін адамзаттың таптырмас мәдени және ғылыми мұрасының бір бөлігі.

Былтыр «Қазгидромет» РМК өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтті, бірақ еліміздің аумағында ауа райын үздіксіз және сапалы бақылау әлдеқайда ерте басталған.

2017 және 2020 жылдар аралығында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Атқарушы кеңесі ғасырлық тарихы бар бақылау станцияларының дүниежүзілік тізіміне Қазақстанның 14 метеостансасын енгізді, олар - «Ақкөл», «Арал теңізі», «Атбасар», «Ыргыз», «Қазалы», «Михайловка», «Түркістан», «Форт-Шевченко», «Мерке», «Көкшетау», «Ақтөбе», «Торғай», «Семиярка» және «Жаркент».


Бірақ Қазақстанда 100 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан 35 шақты метеорологиялық станса бар.

«2023 жылдың мамыр айында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым бұл тізімге Қазақстанның тағы 7 метеостансасын және гидропостын енгізді, олар - «Т.Рысқұлов ауылы», «Есік», «Павлодар», «Тараз», «Явленка», «Форт-Шевченко» және «Көшім» гидропосты. Қазақстанның барлық метеостансалары кезең-кезеңімен қосылады», - дейді облыстық филиалдың директоры Қымбат Мерғалимова.

Тізімге биыл қосылған «Явленка» метеостансасы 1902 жылы ашылған. Ол СҚО Есіл ауданы Покровка ауылында орналасқан.

«1933 жылға дейін метеостанса «Петропавл ауылшаруашылық техникумы» деп аталды, ал 1933 жылдан бастап атауы «Явленка» деп өзгертілді.Стансадағы фенологиялық бақылаулар 1937 жылдан бастап жүргізіле бастады, ал 1938 жылы топырақ ылғалдылығын аспаптық өлшеу басталды», - дейді Қымбаи Мерғалимова.

Бүгінгі таңда метеорологиялық алаң Покровка ауылының оңтүстік-батыс шетінде орналасқан. Станцияда бүгінде 5 адам еңбек етеді.


Соңғы жаңалықтар