Ғасырлық қадамын бүгіннен ойлайтын ел театр салады - Елбасы

None
None
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Ғасырлық қадамын бүгіннен ойлайтын ел театр салады. Бүгін елордада «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Қазақстанда басқа мемлекеттерге қарағанда үлкен басымдық, көптеген елдерде жоқ әлеует бар. Біз жаңа мемлекетпіз, Астана - жаңа қала. Ендеше, әлемнің түкпір-түкпірінде біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізбен танысқысы келетін, мұны көздерімен көргісі келетін миллиондаған адамдардың болатыны заңды нәрсе. Біз осы басымдықты пайдалануға тиіспіз», - деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, кәсіпорын құрып, зауытты іске қосып, жол салатын мемлекет алдағы жылдары үшін мығым іргетас қалайды. Мектеп пен аурухана салатын мемлекет ол ұлтының алдағы онжылдығын қамтамасыз еткен болады. «Ал театрлар салатын мемлекет - алдағы ғасырларға көз жүгірткен болады», - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы енді санаулы күндерден соң ғажайып Астана өзінің 15 жылдығын атап өтетініне тоқталды. «Бүгінгі күні мен басты мәселені айтқым келеді, біз өз Отанымыздың бас қаласын ғана емес, тұтастай ауқымды қаланы ажарландырдық. Бүгінгі күні барлық Қазақстандағы секілді 100-ден астам этнос Астанада өмір сүріп жатыр. Астана - бұл күнделікті қоныс тойы өтетін, күнделікті той тойланып, жаңа тағдырлар тоғысып жататын қала. Бейбітшілік пен келісім - бұл Астана мен Қазақстанның берік негізі. Қазақстандықтардың еңбегі мен шығармашылық күш-қуатының арқасында біздің қаламыз жыл сайын жаңғырып, жаңара түсуде. Сондықтан да, баршаңызды Астанадағы жаңа өнер храмының ашылуымен құттықтаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар