Ғасырды еңсерсе де, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған ғазиз жан

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жетімді жебеп, жесірге жолдас болған, ата-ана сыйлап ақ бата алған, толқынды теңізде кемесі өрге жүзген жүз үш жастағы аяулы ана Нағима Құлжанова 1911 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданына қарасты Қаратерек ауылында туып-өскен.

Жеті жасында анасы қайтып, әке тәрбиесін көрген ол соншалықты азапты өмірді басынан кешірсе де, ораза ұстап, намазға жығылып, Аллаға құлшылық етуден бір танбаған.

Осынау мереке күні бір ғасырды еңсерген Нағима әжеймен кездесіп, осынау ұзақ жасаудың қыр-сырын сұрап, білген едік.

« Е, қарағым, бұл күнге мен жайшылықпен жеткем жоқ, аласұрып жеттім. Жүзге жетіп бір-ақ отырып қалдым ғой. Қандай сұрапыл жылдарды басымнан кешпедім, десеңші. Жеті жасымда анамнан жетім қалдым, әкем Исахан барынша анамның аялы алақанын жоқтатпай, мені Алланың ақ жолымен тәрбиеледі. Әкемнің молдалығы бар, халқы сыйлаған қасиетінің арқасында адал нанымды тауып, ақ сүт емген баланың біріндей ерте есейіп, еңбекке ерте араластым. Сөйтіп жүріп 1929 жылы тұрмысқа шықтым. Жеті құрсақ көтердім. Қазір көзі тірі жалғыз қызым Күлжиянның қолындамын. Бір балам 32 жасында қайтыс болды. Басқа балаларымды бес-алты жастарында қара жер қойнына алған. Небір жоқшылықты, аласұрып азапты күндерді көріп, жетімдіктің зардабын бір кісідей тарттық. Қай жерде болмасын кембағалдарды сыйлап, көмек қолын создық. Бір атадан бес ағайынды болдық. Соның барлығының ауыртпалығын көтеріп, бәрін түгел өз қолымнан ақ жуып, арулап, аттандырған жанмын. Осы жасқа келгенімде мүмкін солардың ақ батасы шығар.

Соғыс кезінде тылда күн-түн демей жұмыс істеп, қиындыққа мойымай, өзіме бөлінген жұмысты адал атқарып, медальдармен марапатталып, Құрмет грамоталарын да иелендім. Адам аласы ішінде, дегендей жұмысқа қыры жоқ жалқаулар да кездеседі. Оларды үнемі маған қосатын. Мен олармен тіл табысып, жамандығын жасырып, жұмыстарын бірге атқарысып, үнемі көтермелеп, дем беріп отыратынмын. Олардың да маған деген ризашылығы мол болатын. Солардың да батасы шығар, әйтпесе, ататегімде 100 жасаған адам жоқ», - дейді әжей.

...Ана-жүрек ақтарыла сөйлеп жатыр. Қалайша деп таңғаласың, таспиғын тартып, 103-ке келген анамыз алдымызда отыр. «103 жаста» деген сөзді айтуға оңай болғанымен қаншама қилы замандарды аштықты, жоқтықты, жетімдікті, соғысты көрген аяулы ана бойындағы қандай, құдірет десеңші?!.

«Ағаларым соғысқа аттанып кетті. Бауырымның екі баласы жетім қалды. Ел болып оларды балалар үйіне бер дегенде, ішім удай ашып, бауырымның баласы деп алып қалдым. Бірі іштен туған аяғынан кем болса, екіншісі, тілі жоқ сақау болатын. Өзімнің екі баламмен төртеуін жалаң аяқ соңымнан ертіп, асырап-бақтым, қарағым. Олардың көздерін жәудіретіп, қайдан бөтен ортаға жібермекпін. Жұмысқа кетерде өздерін бір-біріне тапсырып кетем. «Сендерді мен жоқта біреу-міреу алдап-сулап алып кетпесін. Бармаңдар, сендер кемтарсыңдар, балалар үйіне берсем, көп баланың ішінде бір жерде қалып қоясыңдар» деп айтып отыратынмын. Кей күндері төрт баланы дала қосына соқаның басына ертіп апарып, жүріп өсірдім. Бес жыл соғыста азапты күндерді кештік. Соның біріне де жасымадым. Қайта қатая түстім. Күйеуім соғыс біткен соң бір жылдан кейін келді. Соғысқа дейін дүниеге келген балаларым Қорлығайын, Мұхаммедәли, Мәлике, Мұхаммедрахым, Мұхаммедқалилардан Мұхаммедәлиім ғана тірі қалды. Ол кейін үйленіп, 33 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның өмірінің жалғасындай болған қос немерем Бектас пен Асқардан туған ұрпақтарымның барын мақтан тұтамын. Мен қазір соғыстан соң туған қызым Күлжиянымның қолындамын. Одан кейін дүниеге келген қызым Күлидаш та о дүниелік болған. Сол қарағым, қазіргі менің бар байлығым - осы қызым. Ендігі арманым осы қызымнан туған немеремнің үйленгенін көрсем деймін», - деп қария көзіне жас алды. Осы кезде әңгімеге біздің бүгінгі кейіпкеріміздің қызы өзі де зейнеткер, 62 жастағы Күлжиян апай араласты.

«Мен ата-анамның үкілеген жалғыз қызы болып өстім. Мені ешкімнен кем еткен жоқ. Онжылдықты бітіріп, арман қуып, оқу іздеп Көкшетауға келдім. Тұрмыс құрдым, бала сүйдім. Жолдасымды жұмыс бабымен 1974 жылы Ленинград аудандық мәдениет бөліміне жіберді. Көкшетау ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, Югославияға барды. Одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы аудандық мәдениет бөлімінде абыройлы қызмет істеп, «Көксеңгір» ансамблін құрып, Халықаралық құрылтайға қатысып, Мәскеудегі өнер ұжымдарының онкүндігіне де жиі барып тұратын.

1979 жылы ұлы әкем Ысқақ Құлжанов дүние салды. Ол тың еңбеккері, көп жылдар елде бригадир болған, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ол жылы мен жолдасыммен бұрынғы Ленинград ауданында тұратынмын. Сөйтіп, анамды қолыма көшіріп алдым. Менің бала кезден есімде қалғаны анам қай жұмыстың да ауыртпалығынан қашпайтын. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін. Бір күн еркін демалған емес. Өзінің екі баласы мен бауырының екі жетімегін тістелеп, сүйреп жүріп өсірді. Дала қостарында, жер қазу жұмыстарында арып-ашып жүріп еңбек етті. Сондықтан, ғасыр жасаған анам менің ғана анам емес, бүкіл ауыл-елдің анасы дегім келеді», - дейді Күлжиян апай.

Барды қанағат тұтып, жоққа налуды білмеген, көпіртіп тұрмыс кешпесе де, көппен көрген ұлы той деп, шыншыл да батыл, қай істі де ер жүрек, адал ниетімен беріле кіріскен Нағима анамыздың осынау жүріп өткен соқтықпалы-соқпақты жолдары кімге де болса үлгі-өнеге болары хақ.

«Еңбекпен ерте есейіп, еңбекпен шынықтым. Сондықтанда ауру-сырқаулы болып, дәрігерге қаралып, емделген жан емеспін. Соңғы кезде көзіме жасатқан операция ғана болмаса», - дегенінің өзі әлі де Нағима анамыздың өмірге деген құштарлығының мол екенін, өмірдің құндылығын бағалай білетінін аңғартқандай болды.

Соңғы жаңалықтар