Ғасырда үшінші рет: Елена Рыбакина ойнайтын Индиан Уэллс турнирінің финалы тарихта қалады

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакинаның қатысуымен өтетін Индиан Уэллс WTA 1000 турнирінің финалы тарихқа енбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен белоруссиялық Арина Соболенконың кездескені белгілі.

Алдағы жексенбі күні таңмен Индиан Уэллс мастерс турнирінің финалында да осы екі теннисші бас жүлдені сарапқа салмақшы.

OptaAce Twitter аккаунтынан мәлім еткендей, мұндай жағдай ХХІ ғасырда бұған дейін екі рет орын алған еді.

2000 жылы екі финалда Линсдей Девенпорт пен Мартина Хингис кортқа шыққан еді. Ал 2012 жылы осы көрсеткішті Мария Шарапова мен Виктория Азаренко қайталады.

Осылайша Рыбакина мен Соболенко ғасырда үшінші рет аталған екі жарыстың соңғы бәсекесінде бақ сынайды.

Индиан-Уэллсте жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентектен басым түскен Е.Рыбакина матчтан кейін бәсекенің оңайға түспегенін жеткізді.

«Осылай жақсы ойнаймын деп күтпедім. Мен үшін жоғалтатын ештеңе жоқ еді. Сондықтан өз ойынымнан ләззат алам ба деп ойладым, бұның пайдасын көрдім. Сөйтіп биылғы үздік матчтарымның бірін өткіздім. Оған көңілім толды. Жексенбі күні де солай ойнаймын деп үміттенемін», - деді Е.Рыбакина.

Е.Рыбакина мен А.Соболенко арасында финал 20 наурыз күні Астана уақытымен сағат 04.00-ге жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемнің 1-ракеткасын ұтқан Елена Рыбакинаның алғаш рет Индиан Уэллс мастерс турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик АҚШ-тағы жарыстың ширек финалына өтті.


Соңғы жаңалықтар