Ғарышкер Жер орбитасынан қазақ тілінде видеоқұттықтау жолдады

None
Видеодан алынған кадр: t.me/kostanaynews
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай өңірінде туып-өскен ғарышкер, қазір «Роскосмоста» еңбек ететін Дмитрий Петелин Жер маңы орбитасынан видео жолдап, қазақстандықтарды қазақ және орыс тілдерінде құттықтады. Видео kostanaynews Telegram-каналында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті қазақстандықтар, әсіресе қостанайлықтар, жерлестер! Мереке құтты болсын! Өздеріңізді сақтаңызМен ғарыштан Дерге қарауға мүмкіндік алдым және сіздерге келесіні айтқым келеді: бір-біріңізге ренжімеңіз, бекерге ашуланбаңыз. Біздің Планетамыз үлкен және өте әдемі. Орбитадан мұндай әдемі жерде қиындықтар болуы мүмкін емес сияқты. Бүгін үлкен және жақсы мереке. Сізге бақыт тілеймін. Қиындықтарға жоғарыдан қараңыз. Күннің батуы мен таңның атуын қуана қарсы алыңыз. Әр күннен ләзат алыңыз. Және мынаны біліңіз – өмір тамаша! Наурыз мейрамы құтты болсын!», - деп қазақ тілінде құттықтау жолдады ғарышкер.

Дмитрий Петелин 1983 жылы 10 шілдеде Қостанайда дүниеге келген. 2000 жылы осында техника-экономикалық мектеп-лицейін аяқтады. 2006 жылы Ресейдегі Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетін «ұшақ және тікұшақ құрастыру» мамандығымен аяқтады. Жуковскідегі «Ғылыми-инженерлік компания» ЖШҚ-ның ұшақ құрастыру бөлімінде инженер-құрастырушы болып жұмыс істеді. 2012 жылы «Роскосмосқа» ғарышкерлер іріктеуінен сәтті өтті.

2022 жылдың 21 қыркүйегінде «Роскосмос» ғарышкері Сергей Прокопьевпен және НАСА астронавты Фрэнк Рубиомен бірге «Союз МС-22» транспорттық-басқарылатын ғарыш кемесінің 1-бортинженері және МКС-68-дің бортинженері ретінде Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшқан болатын. Ал 17 қарашада Сергей Прокопьевпен бірге ашық ғарышқа шығып, онда 6 сағат 25 минут болды.


Соңғы жаңалықтар