Ғарыш мониторингі: Пайдаланылмай жатқан 7,7 млн гектар жайылым жердің бір бөлігі мемлекетке қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жайылым жерді ғарыш мониторингімен анықтау жүйесін басқа өңірлерге енгізу мәселесін пысықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы алаңы 202 млн гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына пайдаланылатыны – 106,4 млн гектар. Босалқы жерлер – 96,7 млн гектар (47,8%). Яғни ауқымды жер пайдаланушыларға бекітіліп берілмеген. Біздің негізгі міндетіміз – пайдаланылмай жатқан барлық ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға тартып, оларды ұтымды пайдалану», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және оларды ұтымды пайдалану үшін 4 облыста (Қостанай, Маңғыстау, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары) веб-порталда жерлерді ғарыштық мониторингілеу деректері пайдаланылатын пилот жоба іске асырылуда. Осы ретте бірінші кезекте жайылым алқаптары пысықталды. Бұл «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» мен «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» веб-порталдарындағы дерекқорларды интеграциялау жолымен іске асырылған. Яғни, жүйе белгіленген нормативтерге сәйкес жайылымдық алқаптардың ауыл шаруашылығы жануарының бір шартты басына арналған жүктемесін автоматты түрде салыстырып, тексереді.

«Мәселен, ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңінің деректері бойынша пилоттық өңірлерде 7,7 млн гектар алаңда пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқап анықталды. Олар бойынша мынадай шаралар қабылданды: 3026 субъектіге жалпы алаңы 4,83 млн гектардағы бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тағы басқа базалардағы деректерді түзету арқылы 1,1 млн гектар сәйкестендірілді. 2,6 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді ол.

Екінші кезеңде пилоттық өңірлерде пайдаланылмайтын егістіктерді анықтау жүргізіліп, ол бойынша 48,7 мың гектар анықталған. Түпкілікті нәтижелер 2020 жылдың 1 қарашасына қарай дайын болады.

«Ғарыштық мониторингтің барлық деректері веб-порталда көрсетіледі, олар электрондық картада белгіленген түрлі-түсті шартты белгілерімен бірге қарау үшін қолжетімді. Пилоттық жоба сәтті іске асқан жағдайда, бұл тәжірибе басқа өңірлерде де қолданылады», - дейді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар