Ғарыш мониторингі арқылы 5 өңірден есірткі алқаптары анықталды - Бағдат Мусин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғарыш мониорингі жүейсінің көмегімен Қазақстанның 5 өңірінен есірткі өсірілген алқаптар анықталды. Бұл туралы Facebook-те ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып атқарылған жұмыстар туралы жазған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ІІМ-мен электрондық құжаттандыру, жедел басқару орталығы бағытында ғана емес, ғарыш мониторингі бойынша да әріптестік орнатқанбыз. Қазақстан ғарыш сапары құқық қорғаушы органдармен бірге «Қарасора» операциясына қатысып, ғарыш мониторингі арқылы есірткі алқаптарын анықтап жатыр.

Биыл 686 мың шаршы шақырымға мониторинг жасалып, 5 өңірден каннабис егілген жерлер табылды. 2019 жылы космомониторинг арқылы 123 алқап анықталған»,-деп жазды министр.

Оның сөзінше, ғарыштық бақылау KazEOSat-1 және KazEOSat-2 спутниктері, сондай-ақ шетелдік спутниктер арқылы жүргізіледі. Мұндай алқаптар анықталған жағдайда сол жерге Қазақстан ғарыш сапарының қызметкерлері мен ІІМ арнайы бөлімшесі жіберіледі.

«Бұл – ерекше қадағалаудағы мәселе. ІІМ-мен белсенді жұмысты әрі қарай жалғастырып, заманауи технологияларды қолдану арқылы қылмысқа қарсы іс-шараларды жетілдіруге атсалыса береміз»,-деді Мусин.


Фото: facebook.com/BagdatMussin
Соңғы жаңалықтар