Ғарыш бізге шексіздікті меңгеруді үйретті - Қазғарыш басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат баласы ғарыш кеңістігіне бірінші рет аяқ басты. Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан осы тарихи күн бүгінде бүкіл әлемде атап өтіледі. Ғарыш кеңістігіне қазақ жерінен алғаш рет жол ашылуының өзі Қазақстанның ғарыштық мемлекет болуын тағдырына жазып қойғандай. Осынау атаулы күнге орай ҚазАқпарат тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтен сұхбат алған болатын.

- Баубек Жеткергенұлы, жалпы алғанда Қазақстан ғарыштық инфрақұрылымының жағдайы қалай және бізде ғарыш саласы бар деп айта аламыз ба?

- Еліміздің ғарыш қызметі өзара байланысты, өзара тәуелді және жүйелі түрде дамып келе жатқан бес бағыт бойынша жүргізіледі. Дәл осы кешенді ғарыш қызметі процесі, барлық бағыттың тұрақты дамуы еліміздегі ғарыш саласының жүйесі туралы айтуға мүмкіндік береді.

Біріншісі– бұл ғылыми ғарыштық зерттеулер: іргелі және қолданбалы.

Айта кетерлігі, қазақстандық ғарыш ғылымнан бастау алды. Бұл - Астрофизика институты, Ионосфера институты жүргізетін іргелі зерттеулер. Оған алыс және жақын ғарышты, күн-жер байланыстарын зерттеу кіреді, соның аясында ғаламның бірегей ғарыштық нысандарына мониторинг жүргізіледі, үлкен астрономиялық жүйелерді модельдеу міндеттері шешіледі, жерге жақын ғарыш кеңістігінің жай-күйін диагностикалау және болжау жүйесі құрылады.

Сондай-ақ, біздің ұйымдар спутниктік технологияларды әзірлеу, аспаптар жасау және жерге жақын ғарыш кеңістігін бақылайтын жүйелерді дамыту сынды қолданбалы сипаттағы зерттеулер жүргізеді. Бұл сындарлы технологиялар спутник құрылымында қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға, біздің инженерлердің машықтары мен құзыреттерін дамытуға бағытталған.

Екіншісі – ғарыш техникасын жасау. Бұл – қолданбалы ғылыми әзірлемелерді енгізуді ескере отырып, ғарыш аппараттарын жасау. Бізде негізгі инфрақұрылым бар. Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығы аумағында орналасқан ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені 2023 жылдың 30 наурызында өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Кешен салмағы 100 келіден бастап 6 тоннаға дейін жететін спутниктерді жобалауға, дайындауға, құрастыруға және сынауға арналған.

Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде 5 өндірістік және 6 сынақ учаскесі, 3 зертхана бар. Кешен жұмысы, оның ішінде мамандардың құзыреттілігі Airbus компаниясының халықаралық серіктесі тарапынан сертификатталған. Бұл алдағы уақытта халықаралық тапсырыстарды тартуға мүмкіндік береді.

- Қазақстан мамандары осынау бірегей ғарыш кешенін пайдалануға қаншалықты дайын?

- Бізде мұндай жоғары технологиялық кешенді пайдалану үшін барлық құзырет бар. Инженерлеріміз еуропалық өндіріс орындарында ағылшын және француз инженерлерімен бірге иық тіресе отырып, білімдерін жетілдірді. Нәтижесінде, инженерлеріміз бастаған бірлескен команда технологиялық мақсаттағы «KazSTSat» ғарыш жүйесін құру жобасын іске асырды. Онда 5 жаңа технология әзірленді. «KazSTSat» 2018 жылғы 3 желтоқсанда ұшырылды және о баста мәлімделген 1 жыл мерзімнің орнына 4 жылдан астам уақыттан бері табысты пайдаланылып келеді. Бұл спутниктің орбитада жүргеніне бесінші жылға аяқ басып барады және біз оны кем дегенде 7 жылға дейін жұмыс істейді деп есептейміз.

Биыл «KazSTSat» технологиялық спутнигін құру аясында қазақстандық инженерлер бұрын алған тәжірибесі мен технологияларды қолдана отырып, кемінде үш ғарыш аппаратынан тұратын KazEOSat-MR орта ажыратымдылықтағы Жерді қашықтан зондтау спутниктерін топтастыруды жобалауға тапсырыс жасау жоспарланып отыр.

Бүгінде біз Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде спутниктерді құрастыру және сынау кезінде 100 пайыз қазақстандық қамтуды қамтамасыз етеміз дей аламыз. Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін жобалауда 50 пайызға, ал телекоммуникациялық спутниктерді жобалау бөлігінде 10 пайызға дайынбыз.

Үшінші бағыт – іске қосу қызметтері. Қазақстан әлемдегі бірінші және ірі ғарыш айлағының иегері саналады. Бұл – Ресей Федерациясы 2050 жылға дейін жалға алған «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Жалға алу қатынастарына қарамастан, Қазақстан 2018 жылы Ресей Федерациясымен бірлескен «Бәйтерек» жобасын іске асыру аясында одан әрі жаңғырту мақсатында жалға алынған «Зенит» ғарыштық зымыран кешеніне ие. Оның шарттары бойынша қазақстандық тарап жердегі ұшыруды жаңғыртуға, ал Ресей тарапы – «Союз-5» үлгісіндегі экологиялық қауіпсіз зымыран тасығышын жасауға жауапты.

Қазірдің өзінде «Бәйтерек» жобасын іске асыру барысында қазақстандық техникалық мамандар конструкторлық құжаттамамен жұмыс істеу, мамандарымыз толық қызмет көрсететін «Зенит» ғарыштық зымыран кешенін пайдалану және жұмысқа жарамды күйде ұстау кезінде құзыреттерін арттырады.

Төртінші бағыт – ғарыш аппараттары мен жерүсті басқару кешендерін пайдалану. Сөз 5 ғарыш аппаратынан тұратын Қазақстанның үш спутниктік жүйесінің жұмысы жайында болып отыр. Олар: Kazsat-2, Kazsat-3 байланыс және хабар тарату спутниктері, жердегі басқару кешендері – «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыштық байланыс орталықтары. Kazsat ғарыштық байланыс жүйесін сәтті пайдалануды «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ жүргізеді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы АҚ «KazEOSat-1» және «KazsEOSat-2» жерді қашықтан зондтау екі спутнигінің жұмысын қамтамасыз етеді. Ал «Ghalam» ЖШС KazSTSat технологиялық мақсаттағы спутнигін штаттық пайдалануды жүргізеді. Бұл аппараттардың барлығы қазақстандық инженер-конструкторлардың қатысуымен жасалды.

Бесінші бағыт – ғарыштық технологиялар негізіндегі қызметтер.

- Баубек Жеткергенұлы, сервистер дегеніміз - бұл қызмет көрсету. Бүгінде ғарыш технологиясының экономикалық әсері жайында не айтуға болады?

- Мысалы, ғарыштық байланыс қызметтерін ұсынуды алайық. Біздің KazSat-2 және KazSat-3 байланыс спутниктері Қазақстанның байланыс, телерадио хабарларын тарату қызметтеріне қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз етеді. Мұнда ел экономикасына елеулі үлес қосумен қатар мемлекеттің ақпараттық тәуелсіздігі де бар. Сондай-ақ, Республикалық ғарыштық байланыс орталығына жерүсті байланыс желілері арқылы байланыс жеткізу мүмкін емес шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Өткен жылы жоба 10 ауылда іске асырылды. Биыл Қазақстан өңірлеріндегі тағы 176 ауылды интернетпен қамтамасыз ету қажет.

Қазақстанның Жерді қашықтан зондтау спутниктері ғарыштық түсірілім жүргізеді. Бұл табиғи және антропогендік сипаттағы барлық өзгерісті шынайы мониторингілеуге мүмкіндік береді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы салалық мемлекеттік органдар үшін 40-қа жуық геосервис құрды және олар жұмыс істеп тұр.

Бұл технологияларды қолдану елімізді де эволюциялық жолмен дамытты. Мәселен, егер бірінші кезеңде тек ғарыштық суреттер ұсынылса, екінші кезеңде ғарыштық суреттерге талдау, интерпретация берілді. Ал қазір үшінші кезеңде порталда мемлекеттік қызметтер көрсетуге дейін мемлекеттік органдардың бизнес-процестеріне байланыстыру жүріп жатыр. Бұған жер қойнауын пайдаланушыларға арналған www.minerals.gov.kz платформасы жарқын мысал бола алады. Онда жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға лицензия алуға өтінім береді. Кейіннен мұндай тәсіл деректерді толық цифрландырумен және мемлекеттік органдардың бизнес-процестеріне байланыстыра отырып, басқа салалар үшін пайдаланылуы мүмкін.

Тағы бір мысал Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалана отырып, субъектіге (объектіге) бармай-ақ алдын ала бақылау жүргізу үшін жерді ұтымды пайдалануды мониторингілеуге арналған «JerInSpectr» платформасы бола алады.

Бұған ғылыми жобаларды коммерцияландыру жайын – Қазғарыш кәсіпорындары қызметкерлерінің ақпараттық ғарыштық технологияларды әзірлеуін де қосар едім. Бұл апаттар мен зілзалалар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі, ауыр жүк көліктерінде электронды пломбалары бар «Транзит» навигациялық жүйесі. Олар әлі де пысықталып жатыр. Яғни, ғарыштық технологиялар - бұл ел экономикасына қосылатын жақсы үлес.

- Сіздің пайымыңызша, ғарыш саласында жұмыс істейтін адамдар қандай?

- Қазғарыштың еңбек ұжымдарында спутниктерді басқаруды жетілдіру, ғарыш техникасын әзірлеу, экономиканың әртүрлі саласына ғарыш технологияларын енгізу бойынша күрделі міндеттермен айналысатын көптеген жас инженерлер, ғалымдар бар.

Біздің ғарыш саласы – бұл адамдарға және олардың құзыреттеріне негізделген өзара байланысты, өзара қолдау көрсететін экожүйе. Олар – әрқашан жаңа жаңалықтарға дайын және қиын мәселелерді шешу үшін білімі мен тәжірибесін үнемі арттыратын адамдар.

- Өзіңіз ғарышкер болуды армандадыңыз ба?

- Мен инженер-конструктор болуды армандадым және осы мамандықты алу, инженер-конструктор болып жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қазғарыш басшысы ретіндегі басты міндеттердің бірі – біздің ғарыштық топтарымызды сақтау және ұлғайту: Жерді қашықтан зондтау спутниктері, байланыс және хабар тарату және де мұны біздің қазақстандық мамандардың қатысуымен өз технологияларымыздың негізінде жасау, сондай-ақ, ғарыштық технологиялар негізінде сервистерді кеңейту.

Бүгін Ғарышкерлер күні – бұл адамның қолынан бәрі келетінін жақсы білетін және соған сенетін жандардың мерекесі. Елімізде және шетелде ғарыш саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімізді, ғалымдарымызды, инженерлерімізді, еліміздің мақтанышы – ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіровті, Талғат Мұсабаевты, Айдын Айымбетовті кәсіби мерекемен құттықтаймын. Баршаңызға бейбіт ғарыш кеңістігі атынан амандық пен жаңа жетістіктер тілеймін!

- Сұхбатыңызға рақмет, мерекеңізбен құттықтаймын!


Соңғы жаңалықтар