Гарвард университетінде Абай симпозиумы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жексенбіде әлемге әйгілі Гарвард университетінде Гарвард Орталық Азия студенттері ассоциациясының (CASA Harvard) ұйымдастыруымен Абай симпозиумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Университеттің бас кампустарының бірі Бойлстон холда өткен кездесуде Абай шығармашылығы 3 бағытта қазақстандық және американдық аудиторияға таныстырылды. ҚР АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен қазақ мәдениетінің тарихынан сыр шертетін кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.

Кездесудің модераторы Дж. Вашингтон университеті жанынан құрылған AbaiCenter қазақ мәдениеті орталығының координаторы, ғылым докторы Ертай Сұлтан кіріспені Абай орталығының жұмыс бағытымен таныстырудан бастады. Орталық 2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР-ның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен Дж. Вашингтон университетінде ашылған. Орталық қазақ мәдениеті мен тарихы, әдебиеті саласындағы соңғы жетістіктер мен жаңалықтарды, шетелдік зерттеулер мен сараптамаларды ағылшын тілді аудиторияға таныстыруда көздейді.

«Абай шығармаларының шетелдік мәдени түсінікте қабылдануы» тақырыбындағы ғылыми баяндамасымен симпозиумның 1-бөлімін ашқан Ертай Сұлтан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының осы тақырыпта жариялаған ғылыми монографиясына, шетелдік ғалымдардың Абай шығармаларын талдаған мақалаларына сілтеме жасады.

2-бөлімде АҚШ-қа арнайы шақыртумен келген Т.Жүргенев атындағы өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты, танымал әнші Толқын Забирова «Абайдың музыкалық мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, Абай өмірі мен танымал әндерінің тарихы жайында мазмұнды ақпарат берді. Абай әндерін зерттеген Г.Бисенова, В.Дернова, Г.Чумбалова сынды танымал ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасады. Баяндама соңында Абайдың аудармасындағы А.Пушкиннің «Татьянаның хаты» әнін орындап берді. Көрермен сұрауымен, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін барлық симпозиумға қатысушылар хор болып орындады.

«Абайдың инструменталды мұрасы» тақырыбымен 3-бөлімнің шымылдығын ашқан ҚР Күйшілер одағының төрағасы, күйші Асқар Кенжеғалиев Абай күйлерінің жанрлық ерекшеліктері, домбыраның құрылымы, түрлері, күй тарихы жайында терең ақпарат берді. Өзі қалыптастырған Хьюстон күйшілер мектебінен ерте келген шәкірттерімен Абайдың «Май түні», Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Динаның «Науысқы», т.б. күйлерін орындап Гарвард аспанын қазақ күйімен қанықтырды. Cөз соңында домбыраның әлемдік симфонияларды орындаудағы мүмкіндіктерін айта келе, Andy Irwin мен Davi Spillane-нің «Шотланд әуені» шығармасын тыңдарман назарына ұсынды.

Симпозиумға келген қонақтар қатарында, Гарвард университетінің профессоры, танымал ғалым Нұрлан Кенжеахмет, ҚР АҚШ-тағы Елшілігінің өкілі және Бостон, Вашингтон қазақ диаспораларының өкілдері, Гарвард, Бостон және Масачусетс университеттерінің студенттері мен оқытушылары болды.

Іс-шара соңында ұлттық аударма бюросы жарыққа шығарған Cambridge басылымындағы Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағы барлық қатысушыларға таратылды.


Соңғы жаңалықтар