Гарри Кейн «Тоттенхэм» тарихында ең мерген ойыншы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Англия құрамасының шабуылшысы «Тоттенхэм» клубы тарихында ең мерген ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағылшын премьер-лигасының 22-турында «Тоттенхэм» «Манчестер Сити» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Жеңіс голын 15-минутта Г.Кейн соқты. Бұл оның лондондық клуб үшін барлық турнирде соққан 267-інші голы еді. Бұл көрсеткіш жөнінен ол бұрынғы рекордшы Джимми Гривзді басып озды.

Осы маусымда Кейн «Тоттенхэм» сапындағы 29 ойында 19 голдың авторы атанды.

Өткен жылы Қатарда өткен әлем чемпионатында Англия сапында Кейн екі гол соғып, 3 нәтижелі пас берген еді.

Г.Кейн сонымен қатар ағылшын премьер-лигасында 200 гол соққан үшінші ойыншы атанды. Одан тек Алан Ширер (260) мен Уэйн Руни (208) ғана алда тұр.

Турнир кестесінде «Тоттенхэм» 39 ұпаймен бесінші орында келеді. Ол үздік төрттегі «Ньюкаслдан» бір ғана ұпай артта. Бұл турда көш басындағы тағы бір лондондық «Арсенал» (50 ұпай) сырт алаңда «Эвертоннан» жеңіліс тапты. Екінші орындағы «Манчестер Сити» (45) бұл олқылықты пайдалана алмады. Үздік үштікті «Манчестер Юнайтед» (42) түйіндеп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың «Аль-Наср» құрамында алғашқы голын соққанын жазған болатынбыз.

Фото – С hampionat.com

Соңғы жаңалықтар