Ғарифолла Есім: Абайды оқыған, тоқыған адам қиянатшыл болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген. Мақалада «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» делінген. Осы орайда академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есіммен сұхбатты ұсынамыз.

Израиль еліндегі мына бір дәстүрмен бөліссем. Жастары зейнетке жақындаған еврейдің мықты азаматтары: депутат, министр креслосы немесе ірі корпорация мен мекемедегі басшылықтан өз еркімен кетіп, оқушылар мен студенттерге дәріс беруді таңдайтын болыпты. Онысы әлемдегі ұлы ұлттың деңгейін осылайша тұрақты түрде жалғастырамыз деген ұғым. Осыған не дейсіз?

Бұл ғажап нәрсе. Тәлім алар дүние. Осыдан үйренуіміз керек. Қазіргі күнгі ұлттық асқынған дертіміз тақ пен атақ мансабынан шыға алмай жүрміз. Мұсылман баласы көргені мен білгенін тәлім етуі парыз. Осы мұсылмандық парызды өтей алмай жүрміз. Ақсақал жасына келсе де, көп замандастарым портфельден айрылғысы келмейді. Олар білгенін жастарға үйретуі міндет. Ол сенің, менің, бәріміздің болашағымыз. Бұл ережеге айналуы қажет. Әрбір саналы азамат бүгінгіні емес, ертеңгіні ойлауы мемлекеттілік мүдделікке айналуы тиіс. Осы жағы бізде кенде қалып жатыр. Қазіргі кезде кезек күтірмейтін мәселе көп. Сондықтан белсенділік әркімнен керек-ақ дүние.

  • Сіз сенатор болдыңыз. Сұрайын дегенім, қазақ қоғамын дамытуға сенатор Ғарифолла Есім, әлде ғалым-философ Ғарифолла Есім пайдалырақ болды?

  • Ашық сұрағыңа менің анық жауабым мынандай. Сенаторлыққа сайлануға немесе тағайындалуға болады. Ал ұстаздық ол құдіретті қасиет. Мен ұстаздығымен өз ұлтыма, өз елім мен қоғамыма көбірек пайдалы екенімді білемін.

  • Ұзақ жылдар жастарға дәріс оқисыз. «Қазіргі жастар жасық, тек тамыр-таныстық арқылы ғана жүреді» деген сөздерге айтарыңыз бар ма?

  • Жастардың да жастары бар. Мен білетін студенттердің басым бөлігі жігерлі. Ертеңгі күні қандай болары тікелей өздеріне қатысты екендерін білетіндер. Ұстаздық жасайтын Еуразия университетінде «Отырар» кітапханасынан арнайы аудитория ашып қойдық. Сол аудиторияға студенттер тиісті сабақтарынан қолдары бос кезде келіп дәріс тыңдайды. Көрдіңіз бе? Жастар білгісі келеді. Мәселе - біреу. Сол үйренгісі, оқығысы келген жастарымызға жоғары деңгейде тәлім бере аламыз ба? Осы сауал мені мазалайды. Шәкәрім қажының өсиеті бар. «Жастардың обалына қалмау керек» деген. Біз қашанда жастардың обал-сауабын арқалаумен келеміз. Біз жас болғанымызда коммунистік жалаң идеологиямен алдап, үлкендер біздердің обалымызға қалды. Соны біздер сол қалпынша жалғастырдық. Енді егеменді елдің жастарына қиянат жасау күсәпірлік болады. Мысалы, қазір арақ-шарап ішпеуге жастар жағы өнеге бола бастады. Қоғамымыздың дінге қарай бет бұруында да жастардың ықпалы зор екенін айтуымыз керек.

Біз жалған сөйлеп, өтірік айтатын қоғамда ғұмыр кештік. Әлемде екі лагерь болды. Социалистік және капиталистік. «Қайғы шығар ілімнен» деп, хакім Абай айтқандай, адамның дамуы мен өсуіне ешқандай қатысы жоқ ілімдерді оқу зардаптары осыған әкелді. Ұстаз дегендер сұмырай, залым болып шықты. Жалған дүние, алдамшы орта. Кезінде дұрыс білім алмағандардың адасуы заңды құбылыс. Соның зардабын шегіп отырмыз.

  • Оған өзіміз де куә болдық. Ендігі сәтте шекарамызды бекіткен тәуелсіз елміз. Әлемнің әр жерінен Отанымыздың іргесін сөгіп, зұлымдық әрекеттерін зымияндықпен енгізуге ұмтылған жолбикелер мен соны жақтаушылардың түп – тамырын қазақ жеріне жеткізбей тиып тастаудың жолы бар ма?

  • Жамандық атаулыға темір қақпа қою мемлекеттік мүдде. Бірақ оны толық шешу мүмкін емес. Ол қанша жерден қақпан қойсаң да сыналап өтеді. Оны кіргізетін арнайы халықаралық институттар бар. Олар ашықтан-ашық айғайлап келмейді. Өз тәртібі мен жолын салып білдірмей өтеді. Сананы улайтын бұл бағыттарға қарсы өзіміздің ұлттық иммуниететіміз болуы міндет. Сол иммунитетті қалыптастыратын өз институттарымыз жұмыс істеуі тиіс. Тәуелсіздік институты. Социалистік санадан, кешегі идеологиядан арылмай нақты тәуелсіздікке жете алмаймыз. Заман кімдікі? Мағжан Жұмабаев айтқандай, заман жастардікі! Жастарға сенуміз керек. Білгенімізді үйретуіміз керек. Өркениетті елдер өздерінің ертеңгі ережесін қалай қалыптастыруда, солардың тәжірибесін ұлттық менталитетімізге сәйкестендіріп қалыптастыруымыз шарт.

  • «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерден көптеген жастарымыз оқып келді. Алды әкім-министр болып жатыр. Қоғам дамуын солар түпкілікті өзгерте ала ма?
  • Шетелден білім алған жастарымыз елді бірден басқарып кетеді дегенге келіспеймін. Жапонияда да шеттен оқып келгендерді қайтадан ортаға бейімдейді. Шетел мен біздің шындығымыз екі түрлі. Озған елдерден дәріс алу, тәжірибе алмасу заңдылық. Сол үйреніп келгендерді ортамызға ақылмен енгізу керек. Бірден белден басса ол кереғарлыққа әкелері анық. Жақсысын іріктеп, ұлттық дәстүрімізге келетіндей жақындатып, күштеп – нығыздамай ел өз еркімен хош алатындай саясат жүргізу керек.

Алдымызда үлкен ғаламдық өзгерістер тұр. 2050 жылы үшінші индустриялық революция жүзеге асады. Адамзат алдындағы қатаң ережелер орнығады. Бірінші индустриялық мемлекет ережесі –либералдық бағыт. Екіншісі - әлеуметтік қоғам. Үшінішісі – экологиялық тұжырыммен қалыптасу. Үшінші жолға әлі дамыған мемлекеттер де жете қойған жоқ. Мықты деген елдер әлеуметтік мемлекет аталып жүр. Біз жан–жақты қалыптасқан мемлекет болдық дейміз. Тұрпатымыз либералдық па, әлде әлеуметтік пе? Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп жарияладық. Бәлкім, әлеуметтік мемлекеттің базасын қалыптастырмай жатып, асығыстық жасаған шығармыз деп ойлаймын. Әлеуметтік мемлекеттің өз ережесі бар. Мысалы, АҚШ-ты алсақ. Он адамның үшеуі өндірісте жұмыс жасайды. Ал, жеті адам оған қызмет көрсетеді. Бұл экономикалық қағида. Одан асып кете алмайсыз. Кейінгі кездегі жұршылық тарапынан болып жатқан әлеуметтік наразылықтардың түйткілі де осы заңдылықтардың орындалмауынан туындап отыр. Ол үшін өзіміздің отандық өнеркәсіпті дамытуымыз керек. Әлемді билейтін экономика екендігі белгілі. Міне сол сұрапыл шақыруларға дайын тұруымыздың тетігі бүгінгі жастарымыздың биік деңгейде білім алуына қатысты екендігі осы тұста анық көрінеді.

  • Адамды алға жетелейтін арман. Қазақ қоғамы да бірсыпыра армандарын жарқылдатып көрсетті. Астана арман қала. Тәуелсіздік арман. Мәңгілік ел арман. Бәрі орындалды. Енді амеркалық армандарды жүзеге асыруға не кедергі. Америка - әлемдегі бірінші ел. Ең мықты әскері бар. Экономикасы жаһанның қожайыны. Валютасы алтынан қымбат. Біздің де ішкі мүмкіндіктеріміз аз емес. Табиғи байлығымыз керемет. Алпауыт байлар да көптеп шығуда. Мысалы сол Американы алсақ. Бай адамдары сәт сайын биліктеріне салықты көбейтіңдер деп жатады. Қайырымдылық шаралары көптеп өтеді. Өз елдеріне жұмсайды. Соны мақтаныш етеді. Қазақ санасына соны қалай қалыптастыра аламыз?
  • Адамда жан байлығы және жан жомарттылығы деген болады. Жан байлығы мен жан жомарттылығы қалай қалыптасады. Оны қазақтың қанына «америкалық арман» сіңіре алмайды. Голливуд киноларын көріп, кез келген қазақтың бойында қазаққа жақсылық жасауға құштарлық ешқашан оянбайды. Ол үшін қазақ қазақша сөйлеп, қазақша ойлануы керек. Абай мен Шәкәрімді, Жамбылды ана тілінде оқып, бойына тоқуы керек. Біздің ауқатты азаматтар халықтан алыстап кеткен. Олар өздерін халықтан жоғары қояды. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген. Ата-тегінде байлық пен ақсүйектік болмағандардан адами қасиет те, қайрымдылық та күту бекершілік. Адамның жеке байлығы болмайды. Ол халықтың дүниесі. Заманға орай саған бұйырған несібе. Біздің байлардың басына осы ұғым-түсінік жетпейді. Қазақ елі мен жері болмаса, ондай байлық өздерінде ешқашан болмасын олар түсінбейді. Бұл бүгінгі трагедия. Осыдан өтуіміз керек.

- Хакім Абай айтқан екен «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдетті надан адамның» деп. Тұлға дейміз, халық дейміз, тобыр дейміз. Әркім өз деңгейінде бағалап жатады. Қазақи философиядан соны сараптап берсеңіз?

- Көпті халық та дейді. Тобыр да дейді. Жұрт деген де бар. Жұмакен былай дейді: «Жұрт сөзді түсінетін, дұрыс пікірді қолдайтын топ». «Жұртым саған айтам» деген сөз содан қалған. Екеуіміздің әңгімемізді де тұтас халық керек қылып оқымайды, айтсақ тыңдамауы ықтимал. Мүмкін олардың барлығына оның қажеттілігі де шамалы болар. Ал соны тыңдап, керегін алатын жұрт та бар. Жұрт ешқашан «тобыр» болмайды.


- Мемлекеттіліктің тірегі – мемлекеттік қызметкер. Мемқызметкерлерді оқытудың шетелдік тәжірибесін сөз еттік. Қазақи билік дәстүрін, философиясын зерделеген академик ретінде «Қазақ елінің мемлекеттік қызметкері» деген ұғымға анықтама беріп өтсеңіз?

- Мемлекеттік қызметкер инабатты болу керек. Мұсылмандық адал қағидатты сақтауға лайықты жан деп түсінем. Пайғамбарымыздың хадисі бар: «Адамға жақсылық жасаған жан ғана мұсылман» деген. Қиянат деген мемлекеттік қызметкерде болмауы керек. Адам баласына қиянаты жоқ кісіні мемқызметке тағайындауға таласым жоқ. Елдің уәкілі қиянатқа бармауы міндет. Тақ бітсе төбедегі Құдайды ұмытатындар көп. Меніңше әр мемқызметкер Абайдың он өлеңін жатқа білгені шарт. Абайды оқып, қайталап тоқысаңыз қиянатшыл болмайсыз. Абай таусылмайтын данышпандық дәрия. Жамандықтан аластайтын асылымыз. Өзіңді ойласаң Абайды оқы және тоқы. Қиянаттан құтқарады, қателікке ұрындырмайды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар