Ғарифолла Әнес: Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды екі бөлек қарастыру керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Еске алу - бұл жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, Қазақстан тарихының трагедияға толы кезеңін еске түсіруге мүмкіндік береді. Қасаң тжылдарды еске алу күні қарсаңында «ҚазАқпарат» тілшісі филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қоры және Республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы Ғарифолла Әнеспен сұхбаттасқан едік.

- Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәселемен айналысатын еліміздегі ұйымның бірі Сіз басқарып отырған «Әділет» қоғамы екен. Осы туралы айтып берсеңіз..

- Республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы - Қазақстандағы ең бірінші құрылған қоғамдық бірлестік. Өткен ғасырдың 1985 жылы Мәскеудегі бүкіл сталиндік тоталитаризмді әшкерелейтін «Мемориал» аталатын қордың  бөлімшесі ретінде Алматыда құрылған болатын. «Әділет» қоры осы уақыт аралығында тынымсыз жұмыс істеді. Өкінішке қарай, соңғы кезде «Әділеттің» белсенділері азайды, репрессияға ұшыраған адамдардың ұрпақтары да сиреп кетті. Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров секілді  бірен-саран ғана адамдар қалды, төсек тартып жатқандары бар, жүріп-тұруы да қиын. Ал репрессияны көрген адамдардың алды 90 жасқа келді.

Атқарған ісіміз көп болғанымен, ойда болып, жоспары жасалып аяқталмай қалған шаруамыз да жеткілікті. Мысалы Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылында құрбан болғандарға тұрғызылған ескерткіш бар. Репрессияға ұшырағандарды әр өңірден Алматыға әкеліп жауап алып, соңынан ататынын атып, осы Жаңалыққа көме берген. Бұл жерде Ахмет Байтұрсыновтан бастаған көптеген зиялылар, жалпы саны 4 ұлттың өкілін қамтитын 5 мыңға жуық адам жатыр. Оның ішінде христиан дінінің қызметкерлері де бар. Міне, осы боздақтарға арнап есімдері жазылған құлпытас қойылды. Біз де сол сияқты бүкіл атылған адамның атын жариялап, мәрмәр тас орнатқымыз келген. Бірақ, қаржы жағы ақсап тұр. Ашаршылық құрметіне ескерткіш былтыр ғана ашылды...

null- Қазақстанда 1920 жылдардың басындағы қолдан ұйымдастырылған, кейіннен 1927-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» атты ұранмен жүзеге асырылған ашаршылықтың демографиямызға әсері қандай болды?

- Қазақта «тарыдай шашырады» деген сөз, меніңше, дәл осы зұлмат заманына анық келеді. Тоз-тоз болған қанша халық өзбекке қосылып кетті. Үдере көшкен талай қазақ Ташкентке барып жан сауғалады, Қытайға сіңіп кеткендері қаншама. Қаншама адам шекарада қырылды.  

Ол кездің өзінде санақ дұрыс жүргізілген жоқ қой. Бірақ Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз»,-деп жазады. Барлық  деректерде біз алты миллион болғанбыз. Одан кем болмағанбыз. Сол кезде өзбектер 3 млн-ға да толмаған еді. Ал қазір өзбектер саны 32 млн. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады. 3 млн өзбек 32 млн болғанда, 6 миллон қазақ 60 миллионға оңай жететін едік...

- 1928 жылдары басталған репрессия, 1933-1937 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін құрбандары, репрессия жылдарында атылғандар туралы архив деректері толық зерттелді ме?

- Ашаршылық - қолдан ұйымдастырылған шара, репрессия деген саяси, мүлде бір түсініксіз құбылыс. Репрессияға ең көп ұшыраған халық - қазақ. Мәскеуде барлығын Берия (Лаврентий) қолына алды. Қазақстанда Ежов (Николай) нарком болды. Артынан бүкіл қазақты қырғынға ұшыратқан Голощекин, Мирзоян өздері атылып кетті.

Архив деректеріне сүйенсек, сол заманда орталықтан «лимит» деген хат келген: Қазақстанда 800 адамды ату керек, 800-ін түрмеге отырғызу  керек. Сонда бұлар қайтадан Сталинге хат жазады: «жоспарыңызды 100 пайыз орындадық, енді 1 категория бойынша 800 адамды ату керек, тағы 800 соттау керек, 1600 адамға лимитке рұқсат беріңіз» дейді. Сонда бұл мал сойған сияқты нәрсе ғой, ет комбинатына пәлен мың бас мал өткіз дегенмен бірдей боп тұр. Ал мұндай сұрқия саясаттың көздегені не еді? Меніңше, қазақтың кең байтақ жерін босату керек болды. Ол ойлары біраз орындалды да. Өйткені бұрынғыдай малы сыңсып адам отыратын болса, қарсы шығатын адамдары бар болса Семей полигоны да ашылмас па еді?  

Осы қасаң жылдары қазақ интеллигенциясы баудай қағылды. 1905 жылғы  орыс революциясынан кейін қазақ зиялылары бірден дәуірлеген еді. Алаш партиясын құрудың өзі осыны аңғартады. Қазақтан оқыған жағынан, ең сауатты зиялы қауымы көп еді. Өкінішке қарай, соның 99 пайызы түгел атылып кетті. Ишанбай Қарақұлов өз естелігінде 19 жасында медицина денсаулық сақтау наркомы қылып қойғанын айтады.  Сонда ол бар-жоғы 2-3 курс оқитын студент екен. Өзіңіз ойлаңыз, министр қылатын адам таба алмай  студентті министр қылып қойған. Өйткені қалғанының бәрі не түрмеде отыр, не атылып кеткен еді.

null- Қуғын-сүргін құрбандары туралы нақты сандар бар ма? Түрлі деректерде əртүрлі жазылады. Бұл, тарихтың сол бір кезеңінің əлі жетік зерттелмегенін көрсетеді ме?

- Ашаршылықтан бастап, қуғын-сүргінге дейін нақты сан жоқ. Әрқайсысын, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды екі бөлек қарастыру керек. Негізі ғалымдардың, жазушылардың әрқайсысы өз ықыласымен архивке барып, өз жұмысына керегін алып жүрген адамдар. Соның өзінде архивте қанша нәрсе жатқанын білмейміз. Мысалы, «бандитизм» деген бап болған. Біздің негізгі ақтап жатқанымыз «халық жауы» деп айыпталғандар. Ал ұжымдастыру заманында қаншама адам «бандитизммен» атылып кетті. Соның бірі - Шәкәрім. Бандит дегендері - кеңес үкіметін мойындамағандар. Олардың отбасын, бауырларын өлтірді.  Солардың бәрін «бандит» деп жариялап жіберді.

Енді осылардың бәрін жинақтауға болады ғой. Техника мен компьютердің заманында адамды нөмірлеп-ақ анық санын шығаруға болады. Әр қазақтың үйінде шежіре бар. Мұнымен айналысу үшін цифрландыру жүйесін енгізу керек. Оның бәрін ғалымдар жазады, шырылдайды, айтады. Бұл олардың ғылыми еңбектерінің нәтижесі, дегенмен ол үкіметтің ресми кіріскені қажет еді. Үкімет коммиссия құру керек, оны қаржыландырып, бір үлкен ғылыми жоба жасалу керек.

- АЛЖИР-де өмірге келген немесе тəрбиеленген зиялылар ұрпақтары қайда жүр? Тағдыры қандай болды олардың?

- Ахмет Байтұрсыновтың қыздары, Шолпан апайлар шешелерімен бірге түрмеге айдалды. Көпшілігінің шешелері АЛЖИР-де болды. Зарима Османова деген апамыз бар. Ол кісі - қазақтың тұңғыш банкирі Төребек Османовтың қызы. Бұлар өздері апалы-сіңлілі үш қыз болған, оларды үш түрлі балалар үйіне таратып жіберген. Шешесін АЛЖИР-ге алып кеткен, әкесін атып тастаған. 10-15 жылдан кейін сол елден еті тірі туыстары шығып, бұларды жан-жақтан жинап алған екен.

Түнгі сағат 3-те КГБ-ның жендеттері Құдайберген Жұбановтың есігін қағып 1 сағатта үйді босатыңдар деген. Әйтпесе, өздеріңді түрмеге жауып, балаларыңды жетімдер үйіне өткіземіз деп қорқытқан. Солай олар Ақтөбеден бір-ақ шыққан.

Сосын тағдырдың тәлкегіне ұшыраған репрессия құрбандары ұрпақтарының басым бөлігі орысша тәрбиеленді. Балалар үйінде ұлттық тәрбие де, тектік тағылымдар да болмады. Бұл да үлкен трагедия. Олар есейгеннен кейін, тек өз әкесін ғана іздеп, соның ғана мұрасын жинақтады. Бұл жерде ұлт проблемасы болған жоқ, жеке бастың мәселесі ғана болып тұрды. Әрине, сол ұрпақтарды кінәлауға еш болмайды, өйткені оларды басқа идеологиямен өсірген еді.

- Репрессия турасында əлі күнге дейін айтылмаған, қозғалмаған деректер бар ма?

- Бар. Оның біразы шет жағасында айтылып та жүр. Мысалы, мен өзім білетін шындықты айтсам, көп адамнан халық теріс айналып кетуі мүмкін. Әйтпесе, маман ретінде бас ауыртпайтын, халыққа қажет емес нәрселерді де білемін. Кім кімді ұстап берді, неге көп адам бұғып қалды? Біреулер қорқақ болды, біреулер қарсы тұрды. Ашаршылық кезінде халық қырылып жатқан тұста Қазақстанда кейбір газеттер 5 жылдығын тойлап, коммунизм құрамыз деп ұрандатты. Тіпті өз қандастары өліп жатқанда, өліктің үстінен аттап кеңсеге барып жүргендер болды, олардың біразы 1937 жылы өздері атылды. Ашаршылық тұсындағы белсенділігі үшін медаль алып, лауазымы жоғарылағандар да жоқ емес. Тіпті қызды-қыздымен адам өлтіруге құлшынысы артқандар, бір-бірін сатқан ағайындар да болды. Сондықтан мен ол кезеңді өте түсініксіз кезең, қоғамның алжасқан кезі, естен айырылған алапат заман деп бағалайтын едім. Ең сорақысы, сол тұста қанша адам болса сонша трагедия болды. Әйтеуір, ондай заманда өмір сүрмеген соң айту оңай көрінеді. Өмірдегі абсурд жағдайлар болады ғой. Тарихтың алдында да жауап жоқ.

- Дегенмен, ұйым тарапынан саяси қуғын-сүргін нәубеттеріне байланысты қандай да ғылыми жұмыстар, жобалар бар ма?

- Бір үлкен жаңалық бар. Өмір бойы колхоздастыру, тәркілеуді зерттеп келе жатқан Талас Омарбековке өтініш жасап, Қазақстандағы бүкіл көтеріліс туралы мәліметтерді жинап үлкен кітап шығарғалы жатырмыз. Кітап 1929-1931 жылдардағы халық көтерлістері деп аталды. Неше адам атылды, неше адам қудаланды, қанша мал ысырап болды деген сұраққа жауап беретін,  барлық көтерілістің басын қосқан туынды болайын деп отыр.

Тағы бір қуанышты жағдай - Алматы облысы әкімдігінің басшылығымен Жаңалықта музей құрылысы жүріп жатыр. «Әділет» қоғамы Жаңалық музейіне бүкіл құжатты жинастырып, тапсырады. Шетелден келген қонақтар әдемі ғимараттарымызды тамашалап қана қоймай тарихымыздан сыр ақтаратын жерлерді көруі тиіс. Биыл құрылыстың іші жасалады, келесі жылы  ашылады. Біз сызбасын мақұлдадық, ішіндегі материалдарына көмектесеміз дедік. Бұрын Алматы қаласында КГБ-ның жанында музей болатын. Кейін жабылып қалды. Сондағы құжаттарды көтеріп жатырмыз. 

- Қазақтың басындағы осындай қайғылы кезең туралы неге бірнеше фильм түсірмеске?

- Фильмнен бұрын ескерткіш орнатуымыз керек.  Алматыда,  Астанада Алаш қайраткерлерінің ескерткішін орната алмадық. Бұның бәрі толық отарсыздандыру саясатын қажет ететін нәрсе. Сталин өлгеннен кейін, «жылымық» басталып, сол кездің әдебиетін, киносын музыкасын ұстап тұрғандар болды.

Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин - бұлар Алаштан кейін бас көтерген ұрпақ. Булығып тұрған рухани күш қайта өрлеу дәуірін туғызды. «Қыз Жібек» фильмі де осы кезеңге тиесілі. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін осындай үлкен серпілісті кезеңнен өтуге тиіс едік. Сонда сериалың да, фильмің де болатын еді. Әйтсе де «Рухани жаңғыру» дұрыс көтерілді. Рухани жаңғыру дегеніміз жаңа дәуірге аяқ басатын, жаңа Шәмші, жас Әбіштің шығуы. Айта кететіні, қазақ үшін әлі шешімі табылмаған «неге?» деген сұрақтың басым бөлігіне жауап  - сол нәубет пен қуғын-сүргін жылдарының зардабында жатыр.

- Дегенмен азалы жылдар тақырыбына арналған еңбектер аз ғой?

- Қазір кітап шығару оңай болып кетті, іздену жоқ, бұрынғыны көшіре салу бар. Мұқабасы ғана ауысқан өтірік кітаптарды көріп жүрмін. Бұл олқылықты да түзеу керек, осы тақырыпқа мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, үлкен бір әдебиет институты сияқты орталық құрылып, біраз жұмыс істеуге болады.  Онда жаңа тарих та зерттеледі, текстологиясы да жасалады. Түбірімен қопарылады. Ахмет Байтұрсынов деген энциклопедияны  алайық, ішінде бір жаңалық жоқ. Бұрынғы шыққан 10 томдықтағы бүкіл нәрселерді көшіріп жаңа кітапқа сала салған. Оның бәрі науқаншылдық, біліксіздікті көрсетіп тұр.

«Арыс» баспасы репрессияға ұшырағандардың мұрасымен айналысатындықтан, қазақтың тұңғыш банкирі Төребек Османовтың кітабын, тұңғыш қазақтың экономисі туралы кітапты шығардық. Халел Досмұхамедовтің 3 томдық кітабын шығарып жатырмыз. Бірақ олар мектептің кітапханасына жетпей қалып жатқан жайы бар.

- Ұрпақтың осы тақырыптар бойынша білімінің жоқтығы да осының салдарынан ғой...

- Негізінен солай. 31 мамырды әсіресе мектеп жасындағылар білуі керек. Біздің бүгінгі білімге құштар ұрпақтарымыз әлемдік құндылықтар жағынан көп біледі. Американың тарихын сол америкалықтың өзінен артық біледі, Италияның антикалық өнерін, операсын солардың өздерінен артық біледі. Бірақ өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты білмейді. Қазіргі студенттер кітапханаға тек өздері үшін, реферат жазу үшін жанталасып барады. Бұнда қайдағы білім?

Біз білімге де, ұлттық тарих пен құндылықтарға да тұтас ұлттық қажеттілікті тудыруымыз керек. Ұлттық құндылыққа мойын бұрмайынша оның бәрі науқанмен шектеліп қала береді. Басқасын меңгеру үшін алдымен адам тарихын қабылдау керек. 

- Репрессия тақырыбы түбегейлі зерттелмей жатыр деп айтқыңыз келетін секілді?

- Біздің ісімізде не атүстілік көп, терең бойлаушылық жоқ. Мәселен, қазір «коммунистік партияны соттау керек», «Юленберг процесін өткізу керек»,  «геноцид»  деп жариялау керек деген әңгімелер бар. Өліп, сүйегі шашылып қалған адамдарға оның не қажеті бар?

31 мамыр - қазіргі ұрпаққа керек, осыған мемлекеттік деңгейде ден қойып, 1-2 жыл ішінде түбірімен қопарып зерттеу жүргізу қиын емес. Әуелі ғылым керек, соның негізінде фильм де , ән де жазылады. Цифрды не істейміз? Одан қазақ көбейіп, не азайып кетпейді.


Сұхбаттасқан Арайлым Жолдасбай

Соңғы жаңалықтар