Ғани Омаров: Аң стилі - сақтардан қалған асыл мұрамыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында университет ректоры Ғ.М. Мұтановтың идеясымен «Ұлы даланың жеті қыры» атты композиция ашылды. Мұнда қойылған жәдігерлерді негізінен Археология, этнология және музеология кафедрасы ғалымдарының археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған аң стилі мәнеріндегі артефактілер құрайды.

Кешенде біздің ата-бабаларымыздың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі - «аң стилі» өнері туындылары берілген.

Дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесінің бірі сақ бабаларымыздың қолынан шыққан аң стиліндегі жауһарлар болып табылады. Кіреберіс есіктер сақ дәуіріне жататын Шілікті, Берел ескерткіштерінен табылған алтын бұйымдардың айшықты кескіндерімен көркемделген. Бұл нақыштар сақтардың аң стилі негізінде жасалған әшекей бұйымдары түрінде ертедегі ата бабаларымыздың таңғажайып зергерлік өнерінің ең озық көркем үлгілерін паш етумен шектелмей, сонымен қатар олардың рухани-дүниетанымдық көкжиегінің Ұлы даладай кеңдігінен тылсым сыр шертеді.

Сақтар дәуіріндегі зергерлік бұйымдар мен түркі-қимақ дәуіріндегі зерлерлік бұйымдар және түркі-қимақ дәуіріндегі бұйымдар көшірмелері (ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар) залда арнайы витриналардан шұғыла шашып тұр.

Сақ-скиф шеберлерінің асқан шеберлігі жайында металды өңдеудегі көптеген әдістерді қолдануы мағлұмат береді. Олардың арасында - құйылмалы әдіс, қалыптау, нақыштау, соғу, металмен жалату, бедерлеу сынды әдістері бар. Металды көркемдеп өңдеуде көптеген әдістерді кеңінен пайдалануы шеберлердің өздерінің бұйымдарының түпқұсқалық бейнемен ұқсастыру үшін қолданылды. Шеберлердің табиғилыққа ұмтылуымен бірге алдыңғыазиялық өнердің сюжеттерін пайдалануда кең таралған фантастикалық бейнелерді қолданған.

Ал тұяқты жануарларға келетін болсақ, оларға жатқан немесе түрегеп тұрған кейіп тән болып келеді. Кейбір жануарлардың төрт аяқтары да бүгулі болуына байланысты түсініктердің қарама-қайшы келуі орын алуда. Аң стилінің сақ-скифтік торевтикасының жалпы сипаттамасы осындай болып келеді. Киімдер, ат-әбзелдердегі, діни, наным-сенім заттарындағы және қару-жарақтағы «зооморфтық торевтика» заттардың мән-мағынасын түсіндіру үшін жасалған. Бұралып жасалған жануар бейнесі торевтика және жұмсақ материалдан жасалған бұйымдарға да тән болып келеді. Былғары мүсіндерде шеберлер жануарлар денесінің кейбір бөліктерін, табиғилық пен нақтылықты айқындауда керек болды. Мұндай жағдайда олар сырмен бояу әдісін немесе ойып жасау әдісін қолданған. Нүкте, үтір, жарты ай, жарты таға, үшбұрыш түріндегі стильдеп жасалған бұйымдар боялып немесе ойып жасалды.

Сақ-скиф аң стилінің туындылары ерте көшпелілердің көптүрлі және өзіндік өнерінің айырықша белгісі болып саналады. Себебі, бұл терминнің астарында б.з.д. І мыңжылдықта Еуразия жазирасында көшіп-қонып жүрген, Алдыңғы Азияның дамыған елдеріне басып кіріп отырған, Қара теңіз жағалауындағы грек отарларымен байланыс жүргізген көптеген ру-тайпалардың аң стилі, көптеген өзіне тән ерекшеліктерімен қатар басқа да айырмашылықтарға ие болады. Көшпелі тайпалардың өнердегі жалпы ұқсастықтары ең алдымен олардың мәдениеттерінің дамуындағы бірдеңгейлігі, әлеуметтік тұрмыс жағдайының, діни-мифологиялық түсініктерінің ұқсастығымен түсіндіріледі. Алайда, ерте көшпелілер алып отырған алып кеңістік, жақындықта немесе керісінше әлемдік мәдени ошақтан қашықтықта болуы, көршілермен байланыста болуы немесе кей-кезде оқшаулануы біршама ұғымдық, бейнелік айырмашылықтарды енгізді.

Ерте көшпелі тайпалардың аң стилінің жалпы белгілері болып, ең алдымен бейнелердің себеп-салдары болады. Ежелгі шеберлер көп жағдайда жыртқыштардың тұяқты жануарларды жаралау сәтін және одан басқа кездерін бейнелеген. Солардың ішінде кең таралғаны марал, жолбарыс, арқар, барыс, бұлан, жылқы, жыртқыш құстар болса, сирек кездесетіні қабан мен ақбөкеннің және өте сирек балық пен аюдың бейнелері. Сақ-скиф аң стиліне алдыңғыазиялық кейбір сарындардың болуы, оның ішінде қиял-ғажайып жануарлардың болуы да тән. Ерекше бейнелердің бірі арыстан бейнесі болып табылады, себебі суретшілер күнделікті бұл жануарды бақылап, біле алмаған. Алайда, олар шынайы өмірмен ұштасатын, ұқсастықтары жанасатын белгілерін алып, оның өзі оған айырықша белгісін - бейненің шынайылығын шартты түрде белгіледі. Осы мақсатқа ие болу үшін, шеберлер тұла бойды ерекше бұрап жасау әдісін қолданған. Мұндай жануарлардың бейнелері сақ-скиф өнерінің өзіндік төсбелгісіне айналды. Ақсүйек өкілдерінің қабірінен жануарлардың біршама саны, көсем денелеріндегі татуировкалар, ерекше басымдық белгі ретінде, жануарлардың арнайы костюмде, қару-жарақта, ат әбзелдерінде бейнеленуі сақ-скиф өнерінің, нақтырақ айтсақ аң стилінің ерте көшпелілердің діни-мифологиялық түсініктерімен, ежелгі тотемизммен байланысы бар деген пікірді қалыптастырады.

Аң стилімен апталаған б.з.д.VІІІ-VII ғасырлармен мерзімделетін Шілікті «Алтын адамы» біздің кафедраның профессоры Ә.Т.Төлеубаевтың жетекшілігімен қазылған болатын. Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан барлығы 4303 дана алтын заттар табылды. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт-самұрұқ, 20 данасы бұғылар, 39 данасы қасқыр (аю) түрінде, бір түйме-қаптырма бесжұлдыз, бір қаптырма арқар бейнесінде. Сол жәдігерлердің композицияға қойылған көшірмелеріне сипаттама бере кетейік.

Мәлін бейнесіндегі қаптырма. Бұл өзінің композициясы жағынан өте күрделі әшекей. Бұл затта үш тұрық, үш мағына бар. Әшекей алыстан қарағанда мәлін (мысық) тектес жыртқыштың бет бейнесін елестетеді. Ал енді әшекейге жақыннан үңіліп қараса оның бір-біріне тұмсығын түйістіріп, беті мен мүйізі анық көрініп тұрған екі таутекенің бейнесінен құралғандығын байқауға болады. Таутекелердің көзіне, тұмсығына, аузы мен құлағына көк ақық тас (бирюза) орнатылған. Ал енді осы құйма алтыннан жасалған әшекей затты бір қырынан қарасаңыз тура қалықтап ұшып келе жатқан алып құсты елестетеді. Бұл әшекей сақ-скиф өнер бұйымдарында бұрын соңды кездеспеген.

«Бұғылар» деп аталатын әшекейлер, құйма. Әшекейдің тінін екі бұғының мойыны, басы және мүйіздері құрайды. Екі бұғы мойынымен бір-бірімен жымдасып кеткен, бастары екі жаққа қарап тұр, бірақ тағы да өзара жымдасып қосылып кеткен мүйіздері бір композиция құрап тұр, бейне бір мәуелі талдың бұтақтары сияқты. Бұғылардың ауызы, мұрыны, құлағы көк ақық таспен безендірілген. Әшекейдің артқы жағында үш түймелігі бар. Бұған ұқсас, екі бұғының мүйіз түйістіріп тұрған бейнесіндегі алтын әшекей кезінде Жетісудан табылған Жалаулы көмбесінде кездескен.

Бүркіт түріндегі әшекей-қаптырма. Қанатын жайып-қомдап, мойынын ішіне алған бүркітті елестетеді. Тұмсығының үсті дөңестеу. Көздері дөңгелек, үлкен. Денесінің үстіңгі жағы және қанаты мөлшермен жалпы ұқсастырылып ғана бейнеленген, ол томпайып келіп, сүйірленіп бітеді. Жыртқыш құстың денесінің төменгі жағы, аяғы, құйрығы, тырнақтары да нобайланып қана берілген. Зер сала қараған кісі құстың аяғын шағып жатқан жыланның басын, денесін көреді. Жыланның иірілген денесі бір жағынан құстың бауыр жақ бөлігін де құрап тұр.

Қасқыр түріндегі әшекейлер. Бұл әшекейде жыртқыш хайуанаттың шақалақ баласы бейнеленген. Көне заман зергері бұл бейнені жасап жатып нені ойлады екен?! Басы, тұмсығы жаңа ғана туған қасқырдың күшігінікіне ұқсайды. Ал енді жалпы денесінің бітімі, табаны, құйрығы аюдың қонжығына ұқсайды. Жалпы сақ-скифтердің бейнелеу өнерінде қасқыр мен аюдың бейнесін бір-біріне ұқсатып жасау, кейде осы екі жыртқыштың қасиеттерін ұштастыру кездесетін жағдай.

Бұл жәдігерлер көрмеге қойылған аңдық стильдегі өнер туындылары көшірмелерінің бір парасы ғана. Бұдан басқа Берел қорымы, Аралтөбе, Тақсай ескерткіштерінен табылған заттар да қойылған.

Қорытындылай келе, ұлан ғайыр Ұлы даланың көшпелілер өркениеті әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Бүгінгі таңда ата-бабамыз қалдырып кеткен материалдық және рухани мәдениетті археологиялық және этнографиялық зерттеу мен сақтау өзекті мәселелердің бірі. Осындай игі бастамаларды бүгінгі таңда Археология, этнология және музеология кафедрасының ұжымы жыл сайын жазғы маусымда ғылыми экспедициялар мен жазғы мектептер ұйымдастыру арқылы жалғастыруда.

                                                                                                                                                           Омаров Ғани Қалиханұлы,

                                                                                                                                                            т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

                                                                                                                                                            тарих, археология және

                                                                                                                                                             этнология факультетінің доценті

 

Соңғы жаңалықтар