Гандбол: Қазақстан қыздары Оңтүстік Кореядан жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның Кумамото қаласында гандболдан қыздар арасында Азия біріншілігінің жартылай финал ойындары өтті.

Жарыстың бұл сатысында Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея қыздарымен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аталмыш кездесуде қазақстандық гандболшылар қарсыластарына 23:31 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның алғашқы кезеңі тартысты өрбіді. Қазақстан гандболшылары бірінші кезеңде 13:14 есебімен жеңіліп қалғанымен қарсыластарына лайықты деңгейде қарсылық көрсете алды. Дегенмен екінші кезеңде корей спортшылары басым ойнады. Олар біздің қақпаға 18 гол соқты. Оған Қазақстан қыздары небәрі 9 ғана голмен жауап қайырды. Ойында еліміздің құрамасы 23:31 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстан гандболшылары енді 9 желтоқсанда Қытай құрамасымен шеберлік байқасады. Қытайлықтар бүгін жартылай финалда Жапониядан 21:23 есебімен жеңіліп қалған еді.

Қазақстан биылғы Азия біріншілігінде А тобында сынға түсті. Онда Австралияны 32:24, Иранды 41:26, Жаңа Зеландияны 51:14  есебімен жеңді.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстанның қыздар құрамасы бұған дейін екі мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Алғаш 2002 жылы Оңтүстік Кореядан 27:25 есебімен басым түссе, 2010 жылы сол қарсыласын финалда 33:32 есебімен жеңді. Аталмыш екі Азия біріншілігі де Алматы қаласында өткен еді.

Сондай-ақ, біздің құрама соңғы үш Азия біріншілігінде төртінші орынға тұрақтады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне тоғыз мәрте қатысқан.

Азия біріншілігі 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін небәрі үш құрама ғана құрлық чемпионы атанған. Қазақстаннан басқа Оңтүстік Корея мен Жапония осындай табысқа қол жеткізген. Оңтүстік Корея 13, Жапония 1 мәрте алтыннан алқа тақты.

Соңғы жаңалықтар