Гандбол: Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан қыздар арасында Азия біріншілігі топтық кезеңінің соңғы ойындары өтті. Қазақстан құрамасы Жапониямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азия чемпионаты Жапонияның Кумамото қаласында өткізілді. Қазақстан А тобында Жапония, Иран, Австралия, Жаңа Зеландия құрамаларымен күш сынасты. Аталмыш кездесуде біздің қыздар 24:31 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші кезеңде жапондар 14:11 есебімен басым түсті. Бүгінгі тағы бір ойында Иран Жаңа Зеландияны 38:19 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша А тобында бірінші орын Жапония құрамасына бұйырды. Одан кейінгі орында Қазақстан қыздары келеді. Бұл құрамалар жарыстың жартылай финалына жолдама алды.

Біздің құрама бұдан бұрын Австралияны 32:24,  Иранды 41:26,  Жаңа Зеландияны 51:14 есебімен жеңді.

Ал В тобында да бүгін екі кездесу өтті. Оңтүстік Корея Қытайды 24:21, Гонконг Үндістанды 30:29 есебімен жеңді. Алғашқы екі орын Оңтүстік Корея мен Қытай құрамаларының еншісіне тиді.

Жартылай финал ойындары 7 желтоқсанда өткізіледі. Қазақстан Оңтүстік Кореямен кездессе, Жапония Қытаймен шеберлік байқасады. Финал мен үшінші орын үшін сайыс 9 желтоқсанда болады.

Қазақстан қыздар құрамасы бұған дейін екі мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Алғаш 2002 жылы Оңтүстік Кореядан 27:25 есебімен басым түссе, 2010 жылы сол қарсыласын финалда 33:32 есебімен жеңді. Аталмыш екі Азия біріншілігі де Алматы қаласында өткізілген еді. Сондай-ақ, біздің құрама соңғы үш Азия біріншілігінде төртінші орынға тұрақтады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне тоғыз мәрте қатысқан.

Соңғы жаңалықтар