Гамбург музейінде Ертіс өңірі тарихынан сыр шертетін 500 сурет сақтаулы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Ертіс өңірі тарихын зерттеуге зор үлес қосады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Мұндай пікірді белгілі тарихшы-археолог, ПМПУ-дегі Margulan Centre орталығының директоры Тимур Смағұлов «Нұр Отан» партиясы басшылығының облысқа сапармен келуіне орай жиылған партиялық актив отырысында білдірді. Сондай-ақ, тарихшылардың алдында тұрған міндеттермен таныстырып өтті.

 «Архив-2025» бағдарламасы аясында архивтерде үлкен жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Одан бөлек, шетелдік музейлерде сақталған материалдарды зерттеу де көзделуде. Неге десеңіздер, шетелдік, оның ішінде ресейлік музейлерде өңір тарихына қатысты талай құнды деректер сақтаулы»,- дейді Тимур Смағұлов.

Оның айтуынша, Мәскеу мемлекеттік тарих музейінде академик В.В. Радловтың Павлодар қаласы маңында жүргізген қазба жұмыстарының коллекциясы сақтаулы. Сонымен қатар, Ресей этнографиялық музейінде сонау XIX ғасырда Павлодар уезінен алынған киіз үй әлі күнге дейін көрермен назарына ұсынылып келеді. Бұдан бөлек, XIX ғасырда белгілі этнограф Самуил Дудиннің өңірімізді фотосуретке түсірген 500 негативі Гамбург қаласының этнографиялық музейінен орын алған.

« Осы 500 суретте қазақтардың тұрмысы, салт-дәстүрлері және материалдық мәдениеті бейнеленген. Аталған қайнар көздерді зерттеу, оларды интернет сайттар мен музейлерде көрмеге қойылуы арқылы тарихымызға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туады», - дейді Тимур Смағұлов. Белгілі тарихшы-археолог 2019 жылы ПМПУ-да «Жазғы университет» жобасы жүзеге асырыла бастайтындығынан хабардар етті. Аталған жоба аясында Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары және облыс аудандарында жазғы археологиялық мектептер жұмыс істейді. Одан басқа, Торайғыр көлінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ғылыми-зерттеу стансасы ашылады. Сонымен бірге, өңірімізде ежелгі технологияларды зерттейтін «Ұмай» зертханасын ашу жоспарлануда. 

Соңғы жаңалықтар