Ғалымжан Пірматов Ұлттық қор табысын арнаулы есепшотқа аударуға қатысты пікір білдірді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк Үкімет Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын арнаулы есепшотқа аудару бойынша техникалық мәселелерді бірлесе пысықтап жатыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ұсынысты іске асыруға қатысты Ұлттық банктің тиісті қадамдары бар. Президент бұл жұмыстар күрделі екенін түсіне отырып, өзінің тапсырмасын нақты жүктеді. Осы орайда 2024 жылдан бастап бұл тапсырманы жүзеге асыру керек екені айтылды», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде аталған мәселенің техникалық мән-жайы талқыланып жатыр.

«Қазір Үкіметпен бірлесе тапсырманы техникалық тұрғыда дұрыс әрі оңтайлы орындау жағын пысықтап отырмыз. Менің ойымша, бірлескен шешім қабылданған жағдайда, оны ел халқына жариялаймыз», - деді ҰБ басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды.

«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.

Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар