Ғалымдар Жайық популяциясының 10 киігін спутник арқылы бақылайды
15 қарашада басталған экспедиция барысында зерттеушілер барлығы 12 бөкенді ұстады. Олардың ішінде 3 жастан аспаған 10 ұрғашы киікке GPS треккерін тақты, екі сайғақтан (текесі) биоматериал сынамалары алынды.
Жүйрік дала киіктерін ұстап алу оңай емес, оларды қолға түсіру ҚБСҚ-ның 2009 жылғы тәсілімен жүргізілді.
Бұл жұмыстар ҚБСҚ мен БҚМ ҒЗИ арасындағы ғылыми серіктестік туралы келісім аясында іске асырылды. Таңбаланған киіктерді екі ұйым да бақылап отырады. ҚБСҚ – миграция мен күзет жолдарын қадағаласа, институт – киіктердің ауруын зерттеумен айналыспақ.
Жануарларды аулауға ҚБСҚ, БҚМ ҒЗИ, «Охотзоопром» ӨБ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері қатысты.