Ғалымдар: күніне үш кесе кофе ішу суицид қаупін төмендетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күніне 3-5 кесе кофе ішу адамның түрлі жүрек-қантамыр ауруларынан көз жұму, өз-өзіне қол салу және жүйке жүйесінің бұзылу қаупін айтарлықтай төмендетеді, делінген Circulation журналында жарияланған мақалада.

«Кофенің құрамындағы биобелсенді қоспалар ағзаның инсулинге қарсы тұра алу дәрежесін төмендетіп, жалпы алғанда оның қабыну процестеріне төзе алуына оң әсерін көрсетеді. Кофенің әсер ету механизмдерін ашу үшін қосымша зерттеулер қажет», - деп мәлімдеді Гарвард университетінің ғалымы (АҚШ) Мин Дин (Ming Ding).

Дин және оның әріптестері осындай пікірді 30 жылға жуық уақыт бойы Nurses' Health Study жобасының аясында 160 мыңнан астам америкалық медбике мен 41 мың дәрігер ер адамдардың денсаулығын зерттеген соң жасады.

Бастапқыда тәжірибенің барлық қатысушылары ешқандай дерттерге шалдықпаған еді. Бұл ғалымдарға кофе, шай және өзге де диеталық әдеттердің олардың жас немесе ерте егде жаста қайтыс болу мүмкіндіктеріне қалай әсер еткенін бақылауға мүмкіндік берді.

Анықталғандай, кофені бірқалыпты ішу медбикелер мен дәрігерлердің денсаулығына оң әсерін беріп, жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларынан, екінші типтегі сусамыр (диабет), Паркинсон ауруы және өзге де нейродегенеративтік ауытқулар және өз-өзіне қол жұмсаудан көз жұму қаупін азайтты. Тізімге кірмеген дерттердің бірі - обыр, кофе оны сүйіп ішетіндерді қатерлі ісіктен қорғамаған, бірақ сонымен бірге оның дамуына еш септігін де тигізбеген.

Дин мен оның әріптестерінің есептеуінше, кофенің осындай оң әсері оны бүгінде АҚШ-тың және өзге елдердің денсаулық сақтау мекемелері мен әлеуметтік қызметтерінде шығарылатын «ресми» емдәм түрлерінің барлығына енгізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар