Ғалымдар көп біледі, бірақ ол ақпаратқа сұраныс жоқ – Дариға Назарбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтуде. Бүгін Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ және «Қазсушар» РМК басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Палатаның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы С.Жақсыбеков, сенаторлар Р.Әкімов, Б.Еламанов, М.Жұмағазиев, Д.Мусин, А.Нұралиев, М.Тағымов, С.Плотников, М.Бортник, М.Жолдасбаев, Б.Жұмағұлов, Д.Нөкетаева қатысты.


«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев кіріспе сөзінде инвестициялық жобаларды агроөнеркәсіп кешеніне тарту мен жүзеге асырудағы негізгі проблемаларды атап өтті. «Kazakh Invest» басшысы салаға кері әсер ететін басты себептердің бірі ретінде инвесторларды қызықтыратын бос жер учаскелерінің жоқтығын атады. Проблемалардың қатарында, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алуға кепілдіктің жоқтығы, инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру және кепілді қамтамасыз етуге жоғары талаптар қойылатыны айтылды.


Сенат депутаттары талқылауға қызу қатысты және ел аймақтарында сайлаушылармен өткен таяудағы кездесулерінің қорытындылары туралы айтып берді. Атап айтқанда, түйе шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына инвестиция тарту мәселесі қойылғаны жеткізілді.

Д.Назарбаева шетелдік және отандық инвесторларға тең жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударды.

Кездесуде сөз алған «Қазсушар» РМК бас директоры Бақытжан Кемелбеков қатысушыларды кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, еліміздің су шаруашылығының алдында тұрған мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Бас директордың хабарлауынша, «Қазсушарда» қазіргі кезде су шаруашылығының түрлі 4 703 нысаны бар, кәсіпорын бұл ретте барлық өңірлерге енгізілген бірыңғай тарифтің салдарынан шығынға ұшырап келеді. «Бізге берілген көптеген нысандардың жағдайы жақсы емес. Олардың ұстап тұру, тиісті қызметін атқару қымбат», - деді ол.

Егер бұрын нысандар жергілікті атқарушы органдардың меншігінде болса, қазір олар «Қазсушардың» қарамағында болып отыр. Бақытжан Кемелбеков өз сөзінде меншікке беру кезінде оларды пайдалану тетіктері пысықталмағанын айтты.

Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі аса маңызды болып отыр. Б.Кемелбековтың бағалауынша, төтенше жағдай туындаған жағдайда 182 гидротехникалық құрылыс халыққа қауіп төндіретін болады, бұл мәселені шешу үшін 27191,7 млн теңге қажет.

Сенат Төрағасы талқылауды қорытындылай келіп, бүгінгі таңда гидротехникалық нысандарды мемлекеттік басқаруда проблема бар екенін, бұл нысандарды қаржыландыру, ұстау және пайдалануда орталық уәкілетті органдар мен өңірлік әкімдіктер арасындағы өзара қарым-қатынастар жүйесінің тепе-теңдігі бұзылғанын атап өтті.

Д.Назарбаева жағдайды дағдарысты күйден шығару үшін инвестиция тартуға қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді пайдалану, тұтынушылардың мүдделерін ескеруге және гидротехникалық объектілердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге сараланған тарифтер жүйесін әзірлеу, су шаруашылығы объектілерін пайдалану мәселелерін Аумақтарды дамыту бағдарламасына енгізу, салалық нормативтерді есептеу және су шаруашылығының тиімділігін арттыру технологияларын дайындауға қазақстандық ғылыми институттарды тарту сияқты шараларды үйлестіру қажет деп санайды.

«Өкінішке орай, біздің мемлекеттік мекемелеріміздің ғалымдармен бірлескен жұмысы қалыптаспай отыр. Ғалымдар көп біледі әрі ақпаратқа ие. Олар жер бетінде, жер астында және ауада не бар екенін біледі. Тек бұл ақпаратқа сұраныс жоқ. Сонда оның нәтижесі қандай? Бір де бір мәселеге терең талдау жасалған жоқ. Өз-өзімізді алдауды доғарып, өз ғалымдарымыз бен мамандарымызға сенім арту қажет», - деді Д.Назарбаева.


Парламент жоғарғы палатасының Төрағасы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған өзекті мәселелерді зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар