Ғалымдар Қазақстанның үстінен ұшып жүрген беймәлім нысандарды бақылауға алмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Астрофизикалық институт ғалымдары Қазақстан үстінен ұшып жүрген беймәлім нысандарды бақылауға алмақ. Бұл туралы Тян-Шань астрономиялық обсерваториясына баспасөз туры барысында институт өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің жұмысымызда ең пайдалы бағыттардың бірі - белгісіз спутникерді бақылауға алу. Біз ондай түсініксіз нысандарды жиі көреміз. Ол қай елден, не мақсатпен келгенін білмейміз. Қазір анықтау тәсілімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әсіресе әскерилер үшін өте қызықты тақырып», - деді «Фесенков атындағы Астрофизикалық институт» директоры Асылхан Бибосынов.

«Ионосфера институты» АҚ қызметкерлері Қазақстаның аэроғарыштық саласын зерттеу жұмыстарына «Орбита» радио полигонын пайдалануды ұсынды.

Олардың айтуынша, Орбита полигонында отандық спутниктердің қозғалысын зерттеп, ғарыштық ауа райына болжам жасауға болады.

Қазір полигондағы ақпаратты Қазгидромет пен Роскосмос ұйымы пайдаланып отыр.

«Астрофизика институты» АҚ бас ғылыми қызметкері Александр Серебрянский әлемде қазір барлық ел өз геостационарлық спутниктерін ұшыра бастағанын айтты.

«Бұл қым-қуыт сәттегі әл-Фараби даңғылындағы қозғалысқа ұқсайды. Тек айырмашылығы олар 40 мың шақырымнан басқарылады. Біз олардың орбитасына, басқа спутниктердің жақындамауын қадағалап отырамыз. Олар жақындаған жағдайда Республикалық ғарыштық байланыс орталығына хабарлаймыз. Олар біздің спутниктің сәл бағытын өзгертіп, немесе тоқтата тұрады. Сол уақытта екіншісі өтіп кетеді», - деді А.Серебряков.

Қазір Қазақстанда диаметрі 1 метр болатын айнасы бар екі телескоп жұмыс істеп тұр. Олардың бірі Ассы-Түрген обсерваториясында болса, екіншісі Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясында орналасқан. Бұл нысандарға бару үшін туристерде медициналық сақтандыру полисі болуы шарт. Себебі, мұнда апаратын жол өте қауіпті.

Соңғы жаңалықтар