Ғалымдар 120 миллион жыл бұрынғы құстардың сүйегін тапты - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үш жақты келісімге қол қойды – «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбарата-1 ГЭС-і бойынша үш жақты келісімге қол қойды. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 6 қаңтарда Бішкек қаласында Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Қазақстан Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Қамбарата-1» су электр стансасын салу жобасының «жол картасына» қол қойды, деп хабарлады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Онда тараптар жобаны жүзеге асырудың негізгі шарттары мен қажетті шараларын белгілеген.

Өзбектсандық басылымның дерегінше, бұл ГЭС Қырғыз республикасының ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің электр және сумен жабдықтауында маңызды орын алады.

Сонымен қатар, жоба аясында 5,4 млрд текше метр су қоймасы мен 1860 МВт су электр станциясы іске қосылады. Нәтижесінде жылына орта есеппен 5,6 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіру мүмкін, деп жазады «ӨзА».

Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінде Самарқандта өткен ШЫҰ саммиті аясында екі ел президенттері Қамбарата-1 су электр станциясының құрылысын тезірек бастаудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын.

Ғалымдар жақында 120 миллион жыл бұрынғы құстарды тапты - People.cn

Академиялық білімде құстар динозаврлардан шыққан деген консенсус бар. Оның эволюциялық процесі, әсіресе ертедегі құстардың бас сүйектері мен денелерінің бір-бірінен тәуелсіз дамуы ұзақ уақыт бойы ғалымдардың назарын аударып келген еді, деп хабарлайды қытайлық People.cn.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, жақында Қытай ғалымдары Рэхэ биотасында (135-120 миллион жыл бұрынғы) динозаврдың бас сүйегі бар ерте дәуірдегі құстардың қазбасын зерттеп тапқан.

Ғалымдар ішкерілей зерттеу арқылы ежелгі құстардың бас сүйектерінің, иық сүйектерінің және алғашқы метатарсальды сүйектердің бейімделу эволюциясы барысын ашқан.

«Ғылыми-зерттеу жұмысы 2 қаңтарда «Табиғат-экология және эволюция» халықаралық кәсіби академиялық журналында жарияланды», деп жазды қытайлық басылым.

1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар- «Kaznews»

Осы аптада Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы «1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар» деген тақырыптағы жазба жариялады.

Моңғолиялық басылым, бұл жазбаны қоян жылы қазақ тарихында салмағы ауырлау жылдар қатарына жататынын тілге тиек етумен бастаған.

«Қоян қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланады. Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды», деп жазады «Kaznews».

Солардың бірі ретінде І.Жансүгіровтың «Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан» деп басталатын өлеңін мысалға келтірген. Қоян жылы туралы жасалған бұл шағын шолуда аталған жылдың жағымды жақтары да бар екенін де сөз еткен.

Атап айтқанда, бұл жылдар адамзат тарихында коммерциялық түрлі-түсті теледидардың шығарылуы, билікке Маргарет Тетчердің келуі, Солтүстік полюстегі «Сібір» мұзжарғышы, есеп-қисаптың евроға өтуі және жер шарының жетінші миллиард тұрғынының дүниеге келуі қатарлы оқиғалар әлемдегі айрықша маңызды оқиғалар ретінде саналады екен.

Айта кетейік, қоян жыл белгілеріне мына жылдар сәйкес келеді: 1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999 және 2011. Ендігі Қоян жылы 2023 жылға тұспа-тұс келіп тұр.

Аталған мақаланың соңы осы жылдарда Моңғолия тарихында болған елеулі оқиғалар туралы естеліктермен жалғасын тапқан.

Қытай мен Қазақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдағы жемісті нәтижелері – «Халық» газеті

Осы аптада «Халық» газетінде «Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі ынтымақтастықтың жемісті нәтижелері» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Аталған қытайлық басылымда Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі ынтымақтастық жемісті нәтижелер берген айтқан. Оларды төмендегідей бірнеше жақтан жинақтауға болады деп, жазба соңында алты бөлімді суретті жазбамен жалғастырған.

Иран мен Қазақстан кітап басып шығару саласында мәдени ынтымақтастық етеді – Parstoday

Қазақстанның Тарих және этнология институтының директоры мен Иран Республикасы Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Алматыда кездесіп, «Джами ат-Тауарих» кітабын шығару туралы уағдаласты, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық басылымның мәліметінше, Иран Республикасы Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар Қазақстанның Тарих және этнология институтының директорымен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық жолдарын талқылаған. Осы отырыста ИИР-ның Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың Алматыдағы мәдени бөлімшесінің басшысы өз пікірін білдірген.

Қазақстанның Тарих және этнология институтының директоры да Иран университеттерінің деңгейі мен ғылыми қуатының халықаралық стандарттарға сай екендігін мәлімдеген. Сондай-ақ, қазақ халқының шынайы тарихын жинақтау мақсатында Қазақстанның тарихи құжаттары мен дереккөздерін алу үшін Алматыдағы Иранның мәдени орталығының ынтымақтастығы қажет екендігін тілге тиек еткен.

Қытай Шыңжаң халықаралық өнер биенналесі өтеді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың «Орталық халық радиосы» басылымының хабарлауынша, Қытайдың Шыңжаңдағы III халықаралық өнер биенналесі Шыңжаң-Ұйғыр мәдениет және туризм министрлігі мен Шыңжаң-Ұйғыр халық үкіметінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Аталған мәдени іс-шара 10 қаңтарда Шыңжаң өнер мұражайында өтеді. «Сұлулықпен үйлесімді өмір сүру» тақырыбымен биылғы биеннале негізгі көрме және арнайы көрме деп екі бөлімге бөлінген. Көрмеге 11 елден (Қытайды қосқанда) барлығы 143 суретші қатысып, 260 туынды қойылған.

Бұл биенналенің басты көрмесінде Қытайды қоса алғанда, 11 елден келген 71 суретшінің «Өркениет және интеграция», «Симбиоз және диалог», «Экология және Отан» атты үш бөліммен 122 жұмысы қойылады.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Шыңжаң өнер мұражайының арнайы жетекшісі Ван Шушэннің айтуынша, 3-ші Қытай Шыңжаң халықаралық өнер көрмесі алаңы шамамен 5000 шаршы метр болатын 6 көрме залы орналастырылған. Биылғы көрмеде әртүрлі елдер мен аймақтардан келген суретшілерінің туындылары арқылы «үйлесімділік» пен «сұлулықты», әсіресе мәдениет пен өнердің сұлулығын және экологиялық өркениеттің көркем бейнесін көрсету басты назарда ұсталған.

Түрік республикаларымен достық тобы құрылды - TRT

Солтүстік Кипр Түрік республикасы (СКТР) ассамблеясында Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан парламенттерімен достық топтарын құру туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық басылымның дерегінше, республика парламентінің жалпы отырысында СКТР мен Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан парламенттері арасында достық топтарын құру туралы ұсыныс дауысқа салынып, ұсыныс бірауыздан қабылданған.

«Шешімнің қабылдануымен республика парламентінде жаңа 5 достық тобы құрылды. Достық топтарына Ұлттық бірлік партиясы, Республикалық түрік партиясы, Демократиялық партия және Қайта өрлеу партиясының депутаттары кірді», деп жазды TRT.

Өзбекстан Қазақстаннан 2,5 миллион тонна бидай импорттады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан жыл басынан бері көрші Қазақстаннан 2,5 миллион тонна бидай импорттады.

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Өзбекстан Қазақстаннан 2,5 миллион тонна бидай мен 374,5 мың тонна бидай ұнын сатып алды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

«ӨзА» агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, осы кезеңде картоп (155,1 мың тонна), арпа (98,9 мың тонна), өсімдік майы (81,7 мың тонна), маргарин өнімдері (40 мың тонна), жүгері (37 мың тонна), сиыр еті (16 мың тонна), сүт өнімдері (4,4 мың тонна), кондитерлік өнімдер (2,3 мың тонна), какао және шоколад (1,6 мың тонна) импортталған.

Сондай-ақ, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Өзбекстан әлемнің 109 елінен 3,2 миллиард АҚШ долларына тең азық-түлік өнімдерін сатып алған.

Айта кетейік, өткен жылдың 11 айында Өзбекстан шетелге 1 миллиард долларлық жеміс-жидек пен көкөніс экспорттады.

Сонымен қатар, осы аптада өзбекстандық БАҚ-та «СІМ басшысы Қазақстан елшісін қабылдады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

Атап айтар болсақ, 2023 жыл 5 қаңтарда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Бақтияр Саидов Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловты қабылдады.

Өзбекстанның СІМ мәліметінше, заманауи кезеңде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастары тұрақты түрде алға ілгерлеп келеді. Өзбекстан мен Қазақстан басшыларының сенімді де сындарлы диалогы барысында ынтымақтастық қарқынды дамуда.

Сондай-ақ, тараптар халықаралық және өңірлік құрылымдар аясында диалогты жалғастыруға дайын екені растаған. Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндіктер бар екені, бұл бауырлас халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудың маңызды факторы екені айтылған.


Соңғы жаңалықтар