Ғалымбек Кенжебаевпен сұхбат: Боксшыларымызды өзбектермен салыстыра беруді қою керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан кейін елордада өтетін Президент кубогі додасына қатыспақ. Бұл, қазақ боксшылары үшін де өзара мықтыларды анықтайтын шешуші бәсекенің бірі. Одан кейін Әлем чемпионатына, Токио Олимпиадасына дайындық басталады. Осы орайда бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, Олимпиада алдындағы мақсат-жоспарларымен бөлісті.

- Ғалымбек Қалиұлы, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстағаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда, осы аз ғана уақытта ұлттық құраманы құрлық біріншілігіне және өзге де халықаралық додаларға бастап барып жүрсіз. Бұрынғы ұлттық құрама мүшелеріне қандай өзгерістер жасадыңыз?

- Иә, рас айтасыз, Ұлттық құраманың тізгінін ұстағаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда, бұрыннан осы бокстың маңында жүргендіктен болар, барлығы өзіме таныс орта. Боксшыларды да, құрамада бапкерлік қызметпен айналысып жүрген барлық әріптестерімді де жақсы білемін. Сондықтан, іске бірден тосырқамай кірісіп кеттім. Ал құрамадағы өзгерістерге келсек, кейбір дүниелер көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ, біз аз уақыт ішінде шамамыз келгенше өзгеше қырымыздан танылуға тырысып жатырмыз. Құрамаға көптеген жаңа боксшылар келді. Бұрынғы кейбір «сақа» былғары қолғап шеберлері мансабын аяқтады. Біз олардың орнын ең мықты, болашағынан үміт күттіретін жастармен толықтырып жатырмыз.

- Болашағынан үміт күттіретін жас боксшылар туралы айта кетсеңіз?

- Біз,Ұлттық құрамаға ел біріншілігінде жасындай жарқыраған ең таңдаулы боксшыларды ғана қабылдаймыз. Сол үшін «анау осал, мынау мықты, ананың болашағы жоқ, мынаның болашағы бар» деген әңгіме жоқ. Бар боксшыға бірдей қарап, бірдей жаттықтырамыз. Тәртіп те, ереже де ортақ. Кім көп еңбектенеді, сол жеңістің жемісін жейді. Оны боксшылардың өздері де жақсы біледі ғой. Мысалы, бір ғана боксшыны айта кетейін. Соңғы Азия чемпионатында 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет өз карьерасында алғаш рет Азия ойындарына қатысып, чемпион атанды. Міне, ол еңбегінің жемісін жеді. Құлахмет өзбекстандық Исраил Мадримовты күмәнсіз жеңгенде елдің барлығы таңдана қарады. Тіпті, жекпе-жектен кейін өзбек тарапы төрешілер шешіміне келіспей жатты. Бірақ, жеңістің аты жеңіс, оны бәрі көріп отыр. Бізде осылай, талассыз жеңіске жететін талантты боксшылар өте көп.

- Ұлттық құраманы ұзақ уақыт Мырзағали Айтжанов жаттықтырып келді. Әр бапкердің өзіндік жаттықтыру тәсілі болатыны сөзсіз. Құрамадағы бұрынғы боксшылар сіздің жұмысыңызды қалай қабылдап жатыр?

- Әрине, әр бапкердің өзінің жаттықтыру тәсілі, техникасы болады. Мен де өз тәжірибемді ала келдім деп айта аламын. Құрама боксшылары мені жатсынып жатқан жоқ. Себебі, маған дейін осы құрамада жүрген көптеген жеке бапкерлер өз орындарында. Тіпті, бас бапкер болған Мырзағали Құланұлы да маған көмектесіп, қатарымызда жүр. Қазір бокс бір орында тұрған жоқ. Сол себепті, барлығымыз жұмыла жұмыс жасап, түрлі тәжірибелерді пайдаланып жатырмыз.

- Соңғы кездері қазақ боксының жанкүйерлері әуесқой бокстағы жетістіктерімізді өзбек былғары қолғап шеберлерімен жиі салыстырып жатады. Сіз бұған қалай қарайсыз? Шынымен соңғы кездері өзбек боксы бізден асып бара ма?

- Соңғы жарыстарда өзбектер бізден бір-екі «алтын» артық алып кеткені рас, бірақ соған бола олай байбалам салудың керегі жоқ. Біздің қазақ боксшыларының олардан қай жері кем?! Жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Алда өзбек боксшыларымен әлі жүз рет жүздесеміз. Бізде мықтылығымызды мойындататын күн болады. Үмітпен істеген істің бір күні жемісі болады. Біз тек, өзбек боксшыларын жеңу үшін ғана жаттығып жатқан жоқпыз. Бұйырса, қазақ боксшылары әлемнің «менмін!» деген талай мықтыларының қабырғасын қайыстырып, танауын «жаратын» болады. Сол үшін, «қазақ боксының күні бітті» дегендерге өзімізді дәлелдейтін уақытымыз алыс емес. Айтарым, біздің боксшыларымызды өзбектермен салыстыра беруді қою керек.

- Алдағы Олимпиада ойындарында боксшылар жүлделерді ерлер - 8 салмақ дәрежесінде, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде сарапқа салатыны туралы айтып жатыр. Сіз бұл талапқа қалай қарайсыз?

- Бұл өзгеріс, қазақ боксшыларына ғана емес, өзге де елдердің былғары қолғап шеберлеріне қиындық тудырып жатқаны анық. Қазір Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталған салмақтағы боксшылар не істерін білмей абдырап қалды. Бірі, салмақ қосса, екіншілері салмақ қуып әбігер. Негізі, бокс таза ер жігіттің спорты. Ерлер арасында екі салмақты алып тастағаны дұрыс болған жоқ деген ойдамын.

- Енді, алдағы жарыстардың барлығы ХОК бекіткен жаңа салмақ дәрежелерінде өтетін бола ма?

- Біз алдағы Президент кубогы додасын осы жаңа салмақ дәрежелері бойынша өткіземіз. Бұйырса, 15-25 шілде аралығында елордамызға 10-нан астам елдің таңдаулы боксшылары келеді. Сол сында көптеген боксшыларымыз жоғары немесе төмен салмаққа ауысады. Жаңа салмақ категориялары бойынша 49 және 56 келі алынып тасталды. Сонымен бірге, 64 келі 63 болып өзгерді. Енді боксшыларымыз өз әлеуетіне қарай салмақ дәрежелерін реттейді. Қазір Түркияда оқу-жаттығу жыиндарында жүрміз. Президент кубогы Әлем чемпионаты алдындағы соңғы жарысымыз болмақ.

- Қазіргі басты мақсаттарыңызды айта кетсеңіз?

- Басты мақсат - Токио Олимпиадасы. Толық құрамда барып, жаңа чемпиондар шығару.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар