Галбадрах Отгонцэцэг әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, яғни жарыстың алғашқы күні боз кілемге жеңіл салмақтағы татами шеберлері шықты. 48 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған бұрымды балуанымыз Галбадрах Отгонцэцэг ширек финалда Еуропа чемпионы украиналық Дарья Билодидтен ұтылып, финалға жете алмады. Дегенмен ол жұбаныш белдесудегі қарсыласы Словения спортшысы Маруса Стангерді жеңіп, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Галбадрах үшінші орынға таласу кезінде өзінің бұрынғы отандасы - монғолиялық балуан Мунхбат Уранцэцэгпен кездесті. Қарсыласынан айласын асырған ол, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, бүгін Қазақстан сапынан ерлерден 60 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев сынға түсті. Өкінішке қарай Қырғызбаев іріктеу кезеңінің үшінші белдесуінде бразилиялық спортшы Эрике Такабатикеге есе жіберіп қойды. Солайша, жарыс жолынан шығып қалды. Ол өзінің бірінші кездесуінде түркиялық Сахин Ахмед Кабадан, екінші айналымда монаколық Ян Циккардиден айласын асырған болатын.

Айта кетейік, әлем біріншілігін тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасы көрсетіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар