Ғаламторда есірткіні насихаттау белсенді жүріп жатыр - ІІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жал сайын елімізде есірткінің шамамен 50 ірі плантациясы жойылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есірткі саудасы интернет және электрондық төлем жүйелері арқылы жүзеге асады. Заманауи технологиялар есірткіні белсенді насихаттауға ықпал етеді», - деді Б. Әмірханов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол жыл басынан бері есірткі саудасы мен насихатына қатысты 2 мыңға жуық сайт бұғатталғанын айтты. Соның арасында «Телеграм» мессенджеріндегі заңсыз әрекеттерге шектеу қойылған. Есірткі сайттарының негізгі бөлігі «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде бұғатталады.

«Елімізде тәркіленіп жатқан есірткінің 90 пайызы осы каннабис шикізатынан дайындалады. Бұл тұрғыда тек Шу алқабы ғана емес, сондай-ақ еліміздің басқа да құрғақ әрі ыстық өңірлерінде осы есірткі түрі өседі. Сондықтан да Ішкі істер министрлігі жыл сайын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп отырады», - деді басқарма басшысы.

Ведомство мәліметіне қарағанда, аталған операцияға 1,5 мыңға жуық қызметкер қатысады. Оның аясында тікұшақ техникасы мен арнайы көліктер қолданылады. Жыл сайын 10-15 тонна аралығында есірткі тәркіленеді. 200 -ден астамы есірткі өсіретін егістіктер мен 50-дей ірі плантация жойылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды.


Соңғы жаңалықтар