Ғаламдық экологиялық қор Балқашты оңалтуға 2 млн доллар бөлді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ғаламдық экологиялық қор Балқаштың экологиялық ахуалын жақсартуға 2 млн АҚШ долларын бөлді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Экология және тұрақты даму институты» ЖШС директоры Құралай Кәрібаева айтты.

Қазақстанда Балқаш проблемасы ең өзекті мәселе болғандықтан Ғаламдық қор ҚР Үкіметінің өтінішімен Балқаштың экологиялық ахуалын жақсартуға 2 млн АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз қаржы бөлді.

Бұл ақша аталған аймақтың жер ресурстарын тиімді пайдалануды басқаруға бағытталмақ.

«Балқаш Аралдың тағдырын қайталамас үшін Алматы облысындағы Іленің Балқашқа құяр сағасының тұздану процесін тоқтату, Балқаш маңындағы жайылымды тиімді пайдалану, ата-баба салты бойынша малды төрт маусымда жаю жұмыстарын жүйелейтін боламыз. Оңтүстік Балқаштан Тян-Шаньға дейін, Шу-Іле Алатауына дейін созылған аймақта бау-бақша мәдениетін қалыптастыру жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар Іле Алатауындағы таулы аймақтарда бау-бақша өсіру арқылы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын қалпына келтіру көзделген. Жобаны атқару жұмысы ҚР АШМ бекітілген», - деді Құралай Кәрібаева.

Ғаламдық қордың жобасына Қазақстаннан бөлек Орта Азияның 6 елі кіріп отыр. Бұл елдердің барлығына 12 млн АҚШ доллары қарастырылған.

Әр мемлекет 2 млн доллар көлемінде қаржы игере алады.

«Балқаш көлі Қытайдан басталатын өзеннің суына тәуелді. Трансшекаралық елдермен Балқаш экологиясы бойынша әлі бір уәжге келген жоқпыз. Қытай тарабы өз елдерінде автономиялық аймақ жасап алған. Іленің суы Балқашқа жеткілікті түрде жетіп жатқан жоқ. Біз ақшаны себеппен күреске салуымыз керек. Арал катастрофасы әлемнің экожүйесіне де ықпалын тигізіп жатыр. Аралдан ұшқан тұз Америкада, Антарктидадан табылып жатыр», - деді Құралай Кәрібаева.

Соңғы жаңалықтар