Ғабидолла Әбдірахымов: Шымкентте жатақхана мәселесі 2021 жылы толық шешілетін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы жатақхана мәселесі 2021 жылы толық шешілетінін мәлім етті, де хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының өз қаржысы есебінен қолданыстағы оқу ғимаратын 450 орындық жатақхана етіп, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жатақхана осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Екіншіден, әкімдік тарапынан Шымкент әлеуметтік кәсіптік корпорациясы арқылы 5 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Шымкент-сити ауданынан 2 гектар жер бөлініп, 2,5 мың орындық 12 қабатты 8 жатақхана салынатын болады. Сонымен қатар, қалған жатақхана орнының тапшылығын жою үшін Тұран шағын ауданынан қосымша 4 гектар жер бөлінді. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленіп, жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жалпы, осы жылы 1 810 орындық бірнеше жатақхана пайдалануға беріледі. Қаладағы студент жастарды жатақхана мәселесі 2021 жылы толық шешілетін болады», - деді Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет отырысында.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жатақхана құрылысы бойынша жоспарды орындау үшін Үкіметке бірқатар шара ұсынған болатын. Қазіргі уақытта жатақхана құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыруда Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Соңғы жаңалықтар